Work and Travel: депутат шетелге студент жіберетін агенттіктерді бақылауды ұсынды

Жарияланды 23 Қыркүйек 2026 12:17

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Work and Travel / фото: ЖИ арқылы жасалды

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Константин Петров шетелдік тағылымдамалар мен жастар алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын туристік және білім беру агенттіктеріне мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды. Ол осы мәселеге байланысты туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Депутат сауалында жуырда АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен барған 200-ге жуық қазақстандық студенттің басынан өткен жағдайды мысалға келтірді. Студенттердің айтуынша, олар тур үшін әрқайсысы 1100 доллар төлеген, алайда сапар барысында трансфер мен қонақүйге байланысты қиындықтарға тап болған. Бұл жағдайға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де араласқан.

Петров сондай-ақ Ақтөбеде азаматтардың атына болмаған туристік сапарлар үшін несие рәсімделген жағдайды атап өтті. Депутаттың пікірінше, мұндай оқиғалар туристік қызмет пен жастарды шетелге жіберетін бағдарламаларды реттеуде олқылықтар бар екенін көрсетеді.

Осыған байланысты депутат шетелдік тағылымдамалар мен алмасу бағдарламаларын ұйымдастыратын туристік және білім беру агенттіктеріне мемлекеттік аккредиттеуден өтуді міндеттеуді ұсынды. Сонымен қатар мұндай компаниялар шетелдегі ресми қабылдаушы ұйымдармен тікелей келісімшарт жасасуы керек деп есептейді.

Тағы бір ұсыныс – аккредиттелген операторлардың ашық тізімін құру. Соның көмегімен азаматтар келісімшарт жасамас бұрын компанияның заңды әрі сенімді жұмыс істейтінін тексере алады.

Бұдан бөлек, Петров халықаралық сапарларды ұйымдастыратын компанияларға арнайы резервтік қор немесе сақтандыру тетігін енгізуді ұсынды. Бұл қаражат компания банкрот болған немесе алаяқтық жағдайы туындаған кезде азаматтарды шұғыл елге қайтаруға жұмсалмақ.

Депутат АҚШ пен Еуропалық одақ тәжірибесін мысалға келтіріп, Қазақстанда да азаматтарды шетелге жіберетін делдалдардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтты.

Бұған дейін, АҚШ Қазақстаннан тікелей рейс ашу үшін тексеріс жүргізетінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз