
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» көркем фильмі Қазақстан атынан 2027 жылы өтетін 99-шы«Оскар» сыйлығына ұсынылды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Туынды «Үздік халықаралық толықметражды фильм» номинациясы бойынша бақ сынайды. Бұл туралы Қазақстан киногерлер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті ресми түрде мәлімдеді.
Фильмнің сюжеті
Фильмдегі оқиға 1993 жылы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тоқырау кезеңіндегі Қазақстанда өрбиді. Басты кейіпкер — бүкіл ғұмырын колхозда еңбек етумен өткізген Әбіл есімді шопан. Шаруашылық таратылып, жекешелендіру басталған шақта, ол жылдар бойғы адал еңбегінің өтеуі ретінде өзіне тиесілі үлесті алуға тырысады.
«Әбіл» туындысы бұған дейін де халықаралық кинокеңістікте жоғары бағаланып үлгерген. Фильм Пусан халықаралық кинофестивалінде таныстырылып, Франциядағы Везуль фестивалінде Бас қазылар алқасының жүлдесін және басқа да бірқатар шетелдік марапаттарды иеленген болатын.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Енді отандық туындының «Оскар» бәйгесінің келесі кезеңдеріне өтуін Америка кино академиясының сарапшылары анықтайды.