АҚШ шағын бизнес инвесторларына 15 млн долларға дейін салық  жеңілдігін береді

Жарияланды 25 Қыркүйек 2026 11:59

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Фото: shutterstock
фото: shutterstock

Жаңа тәртіп бойынша АҚШ өсіп келе жатқан жеке компанияларға ұзақ мерзімге өз капиталын инвестициялауды тиімді етіп отыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.

2025 жылғы 4 шілдеден кейін шығарылған акциялар бойынша инвестор QSBS талаптарын орындаған жағдайда, акцияларды иелену мерзіміне қарай капитал өсімінің бір бөлігін федералдық салықтан босата алады: үш жылдан кейін – 50%, төрт жылдан кейін – 75%, бес жылдан кейін – 100%. Бұған дейін негізгі талап бес жылдық мерзімге байланысты болған.

Салықтық жеңілдік қолданылатын пайда көлемінің стандартты шекті мөлшері бір салық төлеушіге бір компания бойынша 10 млн доллардан 15 млн долларға дейін ұлғайтылды. 2027 жылдан бастап бұл шек инфляция деңгейіне қарай индекстеледі.

Сонымен қатар капитал тарта алатын компаниялар аясы да кеңейген. Акция шығарылған кездегі компанияның жалпы активтерінің шекті мөлшері 50 млн доллардан 75 млн долларға дейін көтерілді. 2026 жылдан кейін бұл көрсеткіш те инфляцияға қарай индекстелетін болады.

Мемлекет тәуекелге ынталандырады, ал нарық компанияны таңдайды

Бұл тетіктегі қызықты жайт – оның экономикалық құрылымы. Мемлекет кәсіпкерге арзан несие бермейді және қай компанияға қаржы бөлінуі керектігін өзі анықтамайды. Оның орнына инвестицияның салық төлегеннен кейінгі табыстылығын өзгертеді.

Инвестор бизнесті өзі таңдайды, тәуекелді өз мойнына алып, капитал салады. Егер компания өсіп, инвестиция сәтті болса, акция құнының өсуінен түскен табыстың едәуір бөлігі федералдық салықтан босатылуы мүмкін.

Бұл жүйе ұзақ мерзімді инвестицияны ынталандырады. Капитал бизнесте неғұрлым ұзақ сақталса, салықтық жеңілдік те соғұрлым жоғары болады. Яғни бұл капиталдың мінез-құлқын ынталандырудың салыстырмалы түрде нәзік тәсілі.

Tengonomica сарапшылары атағандай, біздің елде бизнесті қаржыландыру мәселесі әлі де көбіне банктік несие арқылы талқыланады: пайыздық мөлшерлеме, кепіл, субсидия, кепілдік, даму институттарының бағдарламалары. Алайда жылдам өсіп келе жатқан компанияға несие әрдайым қолайлы бола бермейді.

Кәсіпорын жаңа зауыт салып, технология әзірлеп, өндірісті ауқымын кеңейтіп немесе жаңа нарыққа шыққан кезде оған кәсіпкерлік тәуекелді бөлісуге дайын капитал қажет. Яғни үлестік капитал (equity) қажет. Осы жерде Қазақстанның қаржы нарығы үшін кеңірек мәселе туындайды.

Дамуды бюджет арқылы қаржыландыруға болады. Банктік несиені ынталандыруға болады. Ал салық жүйесі мен қаржы инфрақұрылымын инвестор перспективалы компанияларды өзі іздеп, қаржысын сол компанияларда бес, жеті немесе он жыл сақтауға мүдделі болатындай етіп құруға да болады. QSBS – осындай тетіктің бір нұсқасын көрсетеді.

«Әрине, америкалық модельді Қазақстанға сол күйінде көшіруге болмайды. Екі елдің салық жүйесі, капитал нарығының тереңдігі, бизнес құрылымы және инвестициялық базасы әртүрлі. Дегенмен оның негізгі қағидаты назар аударуға тұрарлық: салық саясаты капиталдың тікелей компанияға бағытталуын, кәсіпкерлік тәуекелді қабылдауын және бизнестің өсуін қаржыландыруын ынталандыра алады», – дейді сарапшылар.

Тағы да оқыңыз: БҰҰ әлемдік экономика өсімін болжады

Сондай-ақ оқыңыз