Елде көз дәрігерлері жылына 3 млн-ға жуық қабылдау жүргізеді

Жарияланды 27 Қыркүйек 2026 17:01

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Бес дәрігер 7 сағат бойы жамбас сүйектерін қайта жинап шыққан / фото: Денсаулық сақтау министрлігі
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда офтальмологиялық көмектің мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл бағытта көз ауруларын ерте диагностикалау, жоғары технологиялық операциялар жүргізу және жасанды интеллектіні қолдану дамып жатыр, деп хабарлайды Кursiv.Media.

Тек 2025 жылы офтальмологтар шамамен 3 млн амбулаториялық қабылдау жүргізсе, балалар арасында 3 млн-нан астам профилактикалық тексеру өткізілген.

Офтальмологиялық көмекті дамыту Алматыда өтіп жатқан Қазақстан офтальмологтарының «Қазақстан Республикасының офтальмологиясындағы жетістіктер мен болашақ» конгресінде талқыланып жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова конгреске қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде офтальмологиялық көмектің халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – офтальмологиялық қызметті одан әрі дамыту, озық технологияларды енгізу және тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір пациент үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деді министр.

Қазір Қазақстанда 1,5 мыңға жуық офтальмолог жұмыс істейді. 2025 жылы 127 мыңнан астам пациент офтальмологиялық көмек бойынша стационарлық ем алған.

Елде офтальмологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды. Балалар офтальмологиясы, глаукома, көздің торлы және қасаң қабығы ауруларын емдеу сияқты мамандандырылған бағыттар дамып келеді.

Шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтау мен емдеуге де ерекше көңіл бөлінуде. 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы скринингті жетілдіруді, медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді және мамандар даярлауды көздейді. Сонымен қатар кератопластика мен жоғары технологиялық офтальмохирургияны дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Ғылыми бағдарламаға катаракта, глаукома, қасаң және торлы қабық ауруларын емдеу, балалар және онкологиялық офтальмология, витреоретинальдық және рефракциялық хирургия, заманауи диагностикалық әдістер мен цифрлық технологиялар енгізілген.

Конгресс қазақстандық және шетелдік мамандарға тәжірибе алмасып, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: Енді дәрігер қабылдауына 60 күн бұрын жазылуға болады

Сондай-ақ оқыңыз