
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарында нәтижесі жойылған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Федерация спортшының құқығын қорғауды жалғастырып, қабылданған шешімге қарсы протест пен шағым бергенін хабарлады.
Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында марафондық спорттық жүрістен 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші келген. Алайда жарыстан кейін оның аяқкиіміне байланысты протест түсіп, кейін нәтижесі есепке алынбады.
Мәселе аяқкиімнің нақты моделіне қатысты
Федерация мәліметінше, World Athletics рұқсат берген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар, алайда Ясмина жарыс кезінде киген нақты модель тізімнен табылмаған.
Сонымен қатар Федерация маңызды жайтқа назар аударды: Тоқсанбаеваның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексерілген және содан кейін спортшыға стартқа шығуға рұқсат берілген.
Осыған байланысты Қазақстан тарапы қабылданған шешіммен келіспей, спортшының мүддесін қорғауды жалғастырмақ.
Федерация бұл жағдайға байланысты өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Ұйым спортшыны сапалы дайындаумен қатар, жарыс регламенттері мен техникалық талаптарды сақтау және халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау маңызды екенін атап өтті.
«Біз үшін Ясмина – чемпион»
Федерация Тоқсанбаеваның толыққанды жаттығу процесімен, медициналық-биологиялық қолдаумен және дайындыққа қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.
«Бұл жұмыстың нәтижесі жарыс жолында көрінді: Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті. Біз үшін Ясмина – чемпион», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге Федерация берілген протест пен шағымның нәтижесіне қарамастан, Токсанбаеваға чемпионға қарастырылған барлық сыйақыны өз қаражаты есебінен толық төлейтінін хабарлады.
Федерация алдағы уақытта халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысын күшейтетінін жеткізді. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл жұмыс Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп жүргізіледі.
Еске салайық, Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында марафондық спорттық жүрістен 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші келген еді. Алайда жарыстан кейін оның аяқкиіміне қатысты протест түсіп, спортшының нәтижесі есепке алынбаған еді.