Бір келі алтыннан айырды: Алексей Чуркин Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Жарияланды 28 Қыркүйек 2026 11:38

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: Olympic.kz

Қазақстандық ауыр атлет Алексей Чуркин Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық зілтемірші жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырды. Ал серпе көтеруде 205 келіні еңсерді. Осылайша Чуркин қоссайыс қорытындысында 378 келі жинап, екінші орынға ие болды.

Оңтүстік Корея өкілі Ро Кван Рёль Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 165 келіні, серпе көтеруде 214 келіні көтеріп, жалпы 379 келі нәтижемен алтын медаль жеңіп алды.

Қола жүлде Қытай Тайбэйінің өкілі Чэнь Шуньнанға бұйырды. Оның қоссайыстағы нәтижесі – 374 келі (163+211).

Осылайша Алексей Чуркин чемпионнан небәрі бір келіге қалып, Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді.

Бұған дейін, жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарындағы алған алтыны есепке алынбай қойды.

Сондай-ақ оқыңыз