
Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында 1 қазанда Қазақстан құрамасы 8 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – күміс, бесеуі – қола.
Күміс жүлденің бірін джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков иеленді. Дзюдодан Алмат Әділет пен Ажар Асхат өз салмақ дәрежелерінде финалға дейін жетіп, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Қазақстандық спортшылар тағы бес қола медаль жеңіп алды. Теннистен Юлия Путинцева, слаломда есуден Екатерина Таранцева, джиу-джитсудан Жібек Құлымбетова, дзюдодан Есмигүл Куюлова және спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров үшінші орын алды.
Юлия Путинцева жекелей сында жартылай финалда қытайлық Чжан Шуайға 4:6, 2:6 есебімен жол беріп, қола жүлдеге ие болды.
Екі гимнастшы қыз финалға шықты
Көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызы жекелей көпсайыстың финалына жолдама алды.
Ерекешева төрт жаттығудың қорытындысында 111,350 ұпай жинап, іріктеуде бірінші нәтиже көрсетті. Ертайқызы 106,550 ұпаймен төртінші орын алды. Финалға іріктеудегі үздік он гимнаст өтті. Жүлделер 3 қазанда сарапқа салынады.
Путинцева мен Данилина да жүлдеге таласады
Теннистен Юлия Путинцева мен Анна Данилина әйелдер арасындағы жұптық сында жартылай финалға өтті. Олар ширек финалда Қытай өкілдері Цзян Синьюй мен Ян Чжаосюаньға қарсы ойнауы керек еді. Алайда қарсыластары кортқа шықпағандықтан, қазақстандық жұп жартылай финалға ойынсыз жолдама алды.
Осылайша, 1 қазанда Қазақстан құрамасының қоржыны 3 күміс және 5 қола медальмен толықты.
1 қазандағы жарыстардан кейін Қазақстан жалпы медаль кестесінде 9-орында тұр. Ұлттық құраманың еншісінде 9 алтын, 19 күміс және 36 қола – барлығы 64 медаль бар.
2 қазанда боксшылар алтынға таласады
2 қазанда бокстан финалдық жекпе-жектер өтеді. Қазақстан атынан Төрехан Сабырхан (70 кг)мен Айбек Оралбай (90+ кг) Азия ойындарының чемпионы атануға таласады. Финалдық бәсекелер Астана уақытымен сағат 09:00-де басталады.