
Блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың отбасына қатысты ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Блогердің әйелі өзінің парақшасында күйеуінен жәбір көргенін айтып видео жариялаған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Эльмира Төлегенова Ерболатпен арадағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, үйде болған жағдайды айтып берген. Ол жанжал кезінде гардеробқа кіріп, есікті ішінен жапқанын түсіндірді. Сонымен қатар бұл жағдайға байланысты тараған кейбір ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, физикалық күш қолдану болмағанын нақтылаған. Тек оның күйеуі желіге ақпарат таратпас үшін телефондарын тартып алып жатқанын жеткізген.
Астана қаласының полиция департаменті деректі растап отыр.
«Қыркүйектің 30-ы күні түнгі уақытта әлеуметтік желілерден Астана қаласының шағын аудандарының бірінде отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түсті. Полиция жасағы келген кезде факт расталды. Ерлі-зайыптылар арасында дау шығып, оның барысында күйеуі телефонын тартып алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшірген. Жәбірленуші шара қолданбау жайлы арыз берді, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Медициналық куәландыру бойынша екеуі де сау. Күйеуіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ Эльмира Төлегенова жақында ғана ауыр қайғыны бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, 27 қыркүйекте әжесі қайтыс болған. Осыдан кейін ол үйіне жақында ғана оралғанын жеткізді.
«Мен жақында барлық мән-жайды ашып айтып беремін. Кейін өз блогымды уақытша тоқтатамын. Қазір желіде алып-қашпа әңгімелер көп. Күйеуім мені ұрмады. Қазір маған демалыс керек. Біз ажырасу процесіндеміз. Бұл ешқандай да хайп емес», – деді Эльмира Төлегенова
Еске салсақ, блогерлерге қатысты қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.
Сот шешімі бойынша Жанабыловтың мүлкі тәркіленіп, екі жылға шартты түрде сотталды. Эльмира Төлегенованың да мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.