«Өкінішті»: Азия ойындарында жүлде үшін екі қазақстандық балуан бір-бірімен белдесті

Жарияланды 2 Қазан 2026 14:43

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: olympic.kz

Қазақстандық джиу-джитсу шебері Сейілхан Болатбек Aichi-Nagoya 2026 жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kursiv.Media Ұлттық олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

77 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін өткен белдесудің ерекшелігі – татамиге екі қазақстандық спортшы шықты. Сейілхан Болатбек ұлттық құрамадағы әріптесі Адлан Мадаевпен кездесіп, оны 2:0 есебімен жеңді. Нәтижесінде Болатбек Қазақстан қоржынына қола медаль салды.

Жарыстан кейін Сейілхан отандасына қарсы белдесудің оңай болмағанын айтты.

«Қола жүлде үшін өз бауырыммен белдесуге тура келді. Әрине, өте өкінішті. Алайда жарыс жолы осылай тоғыстырды. Кім жеңсе де, бұл медаль Қазақстанның қоржынына түсер еді», – деді спортшы.

Болатбек бұл Азиадаға алтын медаль мақсатымен келгенін де жасырмады. Оның айтуынша, жарысқа дейін бір жарым ай бұрын әлем чемпионы атанғандықтан, турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған. Алайда ширек финалдағы жеңілісінен кейін ол тек қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.

Жұбаныш белдесуінде Сейілхан Таиланд өкілі Чанвит Аунджайды жеңіп, қола үшін айқасқа шықты. Ал Адлан Мадаев жартылай финалда БАӘ спортшысы Махди Алаулакиге есе жіберген еді.

Осылайша, қола медаль үшін болған қазақстандықтардың өзара кездесуінде Сейілхан Болатбек жеңіске жетіп, Азия ойындарының жүлдегері атанды.

Бұған дейін, Азия ойындарында Төрехан Сабырхан бокстан алғашқы алтынды алды.

Сондай-ақ оқыңыз