
Қазақстандық жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесінің жойылуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазақстандық тарап спортшының алтын медалін қайтару үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатыр.
Рыпакова бұл жағдайға Қазақстан құрамасының бапкерлері мен өкілдері дер кезінде шара қабылдағанын атап өтті. Спортшының нәтижесін дисквалификациялау туралы шешім шыққаннан кейін, тиісті ақпарат Туризм және спорт министрлігіне, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының басшылығына және Ұлттық Олимпиада комитетіне жеткізілген.
Оның айтуынша, алтын медальді қайтару үшін ресми ресурстардың барлығы іске қосылған. Апелляциялар, наразылықтар мен ресми мәлімдемелер жасалып, ASICS компаниясына да өтініш жолданған. Сонымен қатар Азия жеңіл атлетика қауымдастығы мен World Athletics өкілдерімен байланыс орнатылды.
Қазір Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт саласындағы заңгерлермен бірге бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Маған жоғары деңгейдегі жарыстардағы алтын медальдің құны жақсы таныс. Әсіресе Олимпиада және Азия ойындары сияқты кешенді жарыстарда әр алтынның маңызы зор. Қазір медаль жеңіп алу тәжірибесіне оны қайтарып алу тәжірибесі де қосылып жатыр. Мен алтынға ашкөзбін, ол – біздікі!», – деп жазды Рыпакова.
Ол сонымен бірге болған жағдайдан кейін кінәлілерді іздеуге асықпауға шақырды. Рыпакованың пікірінше, басты міндет – өткенге байланып қалмай, жауапкершілікті өз мойнына алып, мәселенің шешімін табу.
Еске салайық, Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында жеңіл атлетикадан алтын медаль жеңіп алған еді. Кейін спортшының аяқ киіміне байланысты дау туындап, спортшының нәтижесі жойылған. Қазақстан тарапы бұл шешімге қарсы күресті жалғастырып жатыр.