
Колумбиялық әнші Шакираның Қазақстанда концерт беретіні туралы әңгімеге нүкте қойылды. Әнші Орталық Азияда бір ғана концерт қояды. Концерт Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді, деп хабарлайды Kursiv.Media қырғызстандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Қырғызстан президентінің Іс басқармасы Шакирамен жасалған келісімнің эксклюзивті екенін мәлімдеді. Келісім талаптарына сәйкес, әншінің Орталық Азияның басқа елдерінде, соның ішінде Қазақстанда қосымша концерт өткізуі қарастырылмаған.
Бұған дейін Қазақстанда Шакираның концерті өтуі мүмкін деген ақпарат тараған еді. Әсіресе Бішкектегі концерт жарияланғаннан кейін қазақстандық жанкүйерлер арасында әнші Алматы немесе Астанаға да келе ме деген сұрақ туындады. Алайда Қырғызстан тарапының соңғы мәлімдемесіне сәйкес, биыл Орталық Азиядағы жалғыз шоу Бішкекте өтеді.
Шакираның концерті 18 қазанда Bishkek Arena стадионында ұйымдастырылады. Билеттер 1 қазанда сатылымға шықты. Бірінші күннің өзінде 13 мыңнан астам билет сатылған, ал шетелдік сатып алушылар арасында Қазақстан тұрғындары бірінші орында тұр. Жалпы билеттерді 22 елдің азаматтары сатып алған.