
Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы тегін вакцина салу басталды. Бұл мақсатқа 2,1 млн доза вакцина сатып алынған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіліп жатыр.
«Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны 5 қазанға дейін жеткізу жоспарланған. Препарат келіп түскен өңірлерде медициналық ұйымдар халыққа вакцина салуды бастады», – делінген хабарламада.
Биылғы екпе науқанына Ресейде өндірілген «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Оның штаммдық құрамы алдағы эпидемиологиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарына сәйкес келеді.
Кімдерге вакцина тегін салынады
Тегін вакцинация алдымен тұмауға және оның асқынуына бейім тұрғындарға салынады. Олардың қатарында:
- медицина қызметкерлері;
- диспансерлік есепте тұрған балалар;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті;
- эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.
Нысаналы топтарға жататын қазақстандықтарға тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға уақытылы жүгініп, вакцинация туралы ақпарат алуға болады.
Министрліктің мәліметінше, қазан айы тұмау маусымы басталғанға дейін екпе алу үшін қолайлы кезең. Вакцина алғаннан кейін ағзада иммундық қорғаныс қалыптасуы үшін уақыт қажет. Екпе тұмаумен ауыру қаупін және аурудың ауыр өтуі мен асқыну мүмкіндігін азайтады.
Еске салайық, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мегаполистегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда маска режимі енгізілетінін хабарлады.