
Құрылтай депутаты әрі Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова Жапонияда өтетін V пара Азия ойындарында ел намысын қорғайды.
Айсұлу Сүлейменова пара жеңіл атлетикадан 100 және 200 метрге жүгіруден жарыс жолына шығады.
V пара Азия ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Жарыс бағдарламасына параспорттың 18 түрі енгізіліп, 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы 12 спорт түрінен 179 спортшымен қатысады.
Сүлейменова биыл тамызда «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаты атанды. Депутаттық қызметпен қатар ол кәсіби спорттағы мансабын да жалғастырып келеді.
35 жастағы спортшы 2011 жылы жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылған. Кейін параспортпен айналыса бастап, Қазақстан құрамасына енді. 2023 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған.
Биыл шілдеде Чехияның Оломоуц қаласында өткен World Para Athletics Grand Prix халықаралық турнирінде Сүлейменова 100 метрге жүгіруден күміс жүлде иеленген.