Мақпал Жүнісова «совмин» қызметкерлерінен мазаламауды өтінді

Жарияланды 7 Қазан 2026 17:27

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Фото: agugai.kz

Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен өзін мазаламауды сұрады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Бұл госпитальді жұрт «совмин» деп атайды. Халық әртісінің айтуынша, бұл жерде халық әртістері, еңбек сіңірген әртістер тіркеуде тұрады.

«1994 жылдан бастап тіркеудемін. Жыл сайын санаторийлерге жолдама бар екен. Тегін. Біздер баруымыз керек екен. Мен соның біреуін де пайдаланып көрмеген адаммын. Маған неге айтпаған бұлар, жыл сайын санаторийге баруға болады екен ғой деп таңғалдым», – дейді Мақпал Жүнісова.

Әншінің айтуынша, қазір үйінің жанында не көп, клиника көп. Сонда барып анализ тапсырып жүреді. Корея мен Түркияда да ем қабылдайды.

«Деніміз сау. Шауып жүрміз. Күнде жұмыс. Гастроль бар. Концерт бар. Қайта-қайта совминнің қыздары қоңырау шалып: «Анализ тапсырыңыз, ана жеріңізді көру керек, мына жеріңізді көру керек» деп жаза береді. «Қыздар, денім сау. Құдай ауыртпасын, бәрі дұрыс», – десем, «Келмесеңіз, сізді шығарамыз» дейді. Шығара беріңдер дедім», – дейді әнші.

Мақпал Жүнісованың сөзіне қарағанда, бұл госпитальға «жабысып қалған ештеңесі» жоқ. Енді шығарамыз деп Астанадан хабарласқан.

«Менің орныма басқа адамды кіргізгісі келсе, кіргізе берсін. Ренішім жоқ. Мені тек мазаламаңдаршы. Мені тіркеуден алып тастаңыздар, мазаламай-ақ қойыңыздар», – деді әнші.

Айта кететін жайт, мұның алдында Мақпал Жүнісова мен Тұрар Ыдырыс бірге ән айтып, тыңдармандарды қатты таңырқатқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз