
Таиланд 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап шетелдік туристерден міндетті туристік төлем алуды жоспарлап отыр. Қазақстан азаматтары үшін төлем мөлшері шамамен 6 мың теңге болады, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Жергілікті БАҚ ақпаратына сүйенсек, жаңа төлем 450 батты құрайды. Таиландтың туристік бизнес өкілдері бұл бастамаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Қонақүй иелері мен туроператорлар салаға қазірдің өзінде қиын екенін айтып, қосымша төлем елдің туристер үшін тартымдылығын төмендетуі мүмкін деп санайды.
Олардың айтуынша, кейбір өңірлерде су тасқыны жалғасып жатыр, ал шетелдік туристер ағыны баяу қалпына келуде.
Алайда Таиландтың Туризм және спорт министрлігі туристік төлем енгізу жоспарынан бас тартқан жоқ. Билік жиналған қаражат есебінен туристік саланы қолдауға арналған арнайы қор құруды көздеп отыр.
Қаражаттың бір бөлігі шетелдік туристерге сапар кезінде автоматты түрде берілетін медициналық және өмірді сақтандыруға жұмсалады. Қалған қаражат танымал туристік нысандарды жаңартуға, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға және табиғи апаттардан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге бағытталмақ.
Айта кетейік, осыған дейін Таиланд қазақстандықтар үшін визасыз жүру мерзімін 30 күнге дейін қысқартқаны туралы жазған едік.