
Алматыда аумағы бір гектар жаңа саябақ ашылғалы жатыр. Әкімдіктің хабарлауынша, саябақ Наурызбай ауданында Alem Park маңында орналасқан.
Сондай-ақ саябақ маңында Наурызбай ауданы әкімінің аппараты, Халыққа қызмет көрсету орталығы, ауданаралық сот ғимараты бар.
Қазір саябақты көркейту жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерге 200 ірі ағаш, 85 қылқан жапырақты ағаш, 30 мыңға жуық бұта және 1,5 мың раушан егілген. Сондай-ақ жүргіншілер жолы салынып, орындықтар мен жарық шамдары орнатылған. Саябақтың нақты қай күні ашылатыны белгісіз, әкімдік «алдағы күндері ашамыз» деп хабарлады.
Еске сала кетейік, Алматыда Сәтбаев пен Шағабутдинов көшесінің арасындағы аумақта Жапон бағы салынады. Аумағы 2,5 гектар жерде дайындық пен демонтаж жұмысы басталған. Жапон бағы аумағында сакура, сәндік алма ағаштары, магнолия, үйеңкі, арша, гинкго және жапонның дәстүрлі әдісімен өсетін ниваки ағаштары отырғызылады.
Ал қаладағы президент паркінде қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңартылған саябақ 2027 жылы наурыз не сәуірде толық ашылады.