
Туризм бағыты бойынша сарапшы Наталья Иванова жалғыз саяхаттайтын әйелдерге қолайлы елдерді атады. Ол елдерді таңдағанда қауіпсіздік деңгейін, визалық талаптарды және көлік қатынасының қолайлылығын ескерген, деп жазады Kursiv.Media.
«Лента.ру» басылымының жазуынша, ел таңдағанда тек қауіпсіздікке ғана емес, сол жерде саяхатшының өзін қаншалықты жайлы сезінетініне және туристік ортаның қаншалықты түсінікті екеніне де мән беру керек. Әсіресе, жалғыз саяхаттағанда бұл жайттардың маңызы арта түседі.
Сарапшы ең алдымен Түркия мен Өзбекстанды атады. Наталья Иванованың айтуынша, бұл елдерде бағыт-бағдарды анықтау жеңілірек. Сондай-ақ саяхатшыға бір мезетте көптеген бейтаныс жағдайға бейімделудің қажеті жоқ.
Бұған дейін өз бетінше саяхаттап көрген әйелдер Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайды да таңдай алады. Алайда сарапшы бұл елдерде мәдени ерекшеліктер мен үйреншікті емес жағдайлар көбірек кездесетінін айтады. Сондықтан мұндай бағыттарды таңдау үшін өз бетімен саяхаттаудың аз да болса тәжірибесі болған жөн.
Жалғыз саяхаттағанда қауіпсіздікті қалай сақтау керек
Ел қаншалықты таныс көрінсе де, сапар кезінде қауіпсіздікке мән берген маңызды. Саяхатшыларға арналған негізгі кеңестер мынадай:
- Қонақүйді алдын ала брондаңыз. Пікірлерді оқып, орналасқан жерін тексеріңіз. Қоғамдық көлікке жақын, тәулік бойы қабылдау қызметі бар орындарды қарастырған жөн.
- Көлікті мұқият таңдаңыз. Әуежайдан жету жолын алдын ала жоспарлап, ресми такси немесе сенімді қосымшаларды пайдаланыңыз. Көлікке отырған соң сапар туралы ақпаратты жақыныңызға бөлісуге болады.
- Жақындарыңызға хабар беріп отырыңыз. Қайда баратыныңызды, қай қонақүйде тоқтайтыныңызды сенімді адамыңыз білсін. Маршрут пен байланыс деректерін де қалдырған дұрыс.
- Құжаттар мен ақшаны бөлек сақтаңыз. Паспорттың көшірмесін телефонда немесе қауіпсіз электрондық қоймада сақтап, барлық ақшаңызды бір жерде ұстамаңыз.
- Жергілікті заңдар мен әдет-ғұрыптарды біліп алыңыз. Киімге, қоғамдық орындардағы мінез-құлыққа және суретке түсіруге қатысты талаптар елге қарай өзгеруі мүмкін.
- Түнгі уақытта сақ болыңыз. Бейтаныс әрі жарықтандырылмаған көшелерде жалғыз жүрмеуге тырысып, қонақүйге қайту жолын алдын ала жоспарлаңыз.
Сапар алдында медициналық сақтандыру рәсімдеп, баратын елдегі төтенше жағдай қызметтерінің нөмірлерін жазып алған да пайдалы. Қауіпсіздікке қатысты кеңестерді ескеріп, сапарды алдын ала жоспарлау жалғыз саяхатты жайлы әрі сенімді етуге көмектеседі.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанның топ-5 курорттық аймағы