
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Грэмми академиясының «Global Mixtape» жобасының алғашқы шығарылымына қатысып, алдағы әлемдік турнесі, қазақ мәдениеті және шығармашылықтағы басты мақсаты туралы айтты. Әншінің сөзінше, жаңа концерттік тур 40-тан астам елді қамтуы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Грэмми студиясының жаңа жобасы аясында журналист Валери Лиге сұхбат берген Димаш Құдайберген балалық шағы, музыкаға келу жолы және халықаралық сахнадағы тәжірибесі туралы әңгімеледі.
«40-тан астам ел болуы мүмкін»
Сұхбат барысында әншіден алдағы концерттік жоспарлары, соның ішінде Оңтүстік Америкаға гастрольдік сапары туралы сұралды. Димаш әзірге барлық жоспарды жариялауға болмайтынын айтып, жаңа турнесінің ауқымы туралы мәлімет берді.
«Бұл жаңалықтарды әзірге жариялауға бола ма, оған толық сенімді емеспін. Сондықтан нақты айта алмаймын, құпия сақтауға тиіспін. Дегенмен тур жиырмадан астам елді қамтиды. Отыздан, тіпті қырықтан да көп болуы мүмкін. Мен мүмкіндігінше көп концерт беріп, әлемнің барлық еліне барғым келеді. Өйткені жанкүйерлеріммен кездескенді жақсы көремін», – деді әнші.
Ол барған әр елінде жергілікті халықтың ана тілінде ән орындауға ниетті екенін де жеткізді.
«Ақша – өмірдегі ең басты құндылық емес»
Сұхбаттың бір бөлігінде Димаш Құдайберген шығармашылығының басты мақсатына тоқталды.
Әнші үшін өнер табыс табудың құралы емес. Оның пікірінше, танымал өнер адамдары өз аудиториясына бейбітшілік, махаббат пен адамгершілік құндылықтарын насихаттауы керек.
«Басты мақсат ақша табу емес. Ең маңыздысы – біз, өз аудиториясы бар өнер адамдары, халыққа бейбітшілікті, ізгілікті, махаббат пен өзара түсіністікті еске салып отыруымыз керек. Ақша – өміріміздегі ең басты құндылық емес», – деді Димаш.
Қазақтың күйі мен айтысын әлемге таныстырды
Димаш сұхбат барысында қазақтың дәстүрлі музыкасына да ерекше тоқталды. Ол қазақ мәдениетін «даланың үні» деп сипаттап, домбыра мен қобыздың ұлттық өнердегі маңызын түсіндірді.
«Біздің тарихымыз бен аңыздарымыз күй өнерімен біте қайнасып кеткен. Күй – тарих пен сезімді сөзсіз баяндайтын домбырамен орындалатын туынды. Музыка – өзіндік ерекшелігі бар тіл. Оны түсіну үшін сөздің қажеті жоқ», – деді әнші.
Сонымен қатар Димаш айтыс өнерін рэппен салыстырып, олардың арасында белгілі бір ұқсастық болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтты.
Журналист домбыраның небәрі екі ішегі бола тұра күрделі аспап екеніне таңғалғанда, Димаш оны меңгерудің оңай еместігін жеткізді.
«Домбырада жиырма жылдан астам уақыт ойнасам да, әлі де жеткілікті деңгейде тарта алмаймын сияқтымын», – деп әзілдеді ол.
Мэдисон-сквер-гардендегі концерт туралы фильм шығады
Әнші сұхбат барысында Нью-Йорктегі әйгілі Мэдисон-сквер-гарден аренасында өткен концерті туралы деректі фильмнің жарық көретінін де хабарлады. Оның айтуынша, фильм алдағы бір-екі апта ішінде YouTube арнасында жариялануы тиіс.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік турнесі аясында әзірге Краков (Польша), Дюссельдорф (Германия), Мадрид (Испания), Мерида, Монтеррей, Гвадалахара, Мехико (Мексика), Богота (Колумбия), Сантьяго (Чили), Лима (Перу) қалалары мен Индонезиядағы концерттері жарияланған. Алдағы уақытта турне географиясы кеңеюі мүмкін.