
Қазақстандықтар Apple Watch, Samsung Galaxy Watch смарт-сағаттары мен AirPods Pro құлаққаптары арқылы денсаулық көрсеткіштерін бақылай алады. Құрылғылардың бірқатар медициналық функциясы Қазақстанда қолжетімді болды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Енді үйлесімді құрылғылар арқылы электрокардиограмма (ЭКГ) түсіруге, жүрек ырғағының бұзылуы туралы ескерту алуға, ұйқы кезіндегі тыныс алуды бақылауға және апноэ қаупін анықтауға болады. Samsung Galaxy Watch сағаттарында артериялық қан қысымын өлшеу функциясы да бар.
Ал AirPods Pro құлаққаптары есту қабілетін тексеруге және дыбыстарды есту ерекшеліктеріне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл мүмкіндіктерге қолжетімділік өндіруші компаниялармен тікелей келісімдер арқылы кеңейтілген. Енді Apple мен Samsung компанияларының жаңа медициналық және профилактикалық сервистері үйлесімді құрылғыларда басқа елдерде ресми іске қосылған кезде Қазақстанда да қолжетімді болмақ.
Samsung сағаттарындағы қан қысымын өлшеу функциясын пайдалану үшін құрылғыны арнайы манжетасы бар тонометрмен әр 28 күн сайын калибрлеп отыру қажет.
Жаңа функцияларды іске қосу үшін смартфонның, смарт-сағаттың немесе құлаққаптың бағдарламалық жасақтамасын жаңартып, қажетті баптауларды қосу керек.
Министрлік бұл технологиялар күнделікті денсаулық жағдайын бақылауға арналғанын ескертті. Олар дәрігердің тексеруін, диагноз қоюын және ем тағайындауын алмастырмайды.