
V Азия пара ойындарының екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы пара үстел теннисі мен боччадан бақ сынап, жалпы 10 жеңіске қол жеткізді, деп жазады Kursiv.media.
Пара үстел теннисінен сегіз жеңіс
Пара үстел теннисінен топтық кезеңде қазақстандық спортшылар 18 кездесу өткізіп, сегізінде жеңіске жетті.
Марат Суртубаев Үндістан өкілі Чогуле Даттапрасадты, Әли Махулбеков Вьетнам спортшысы Фам Минь Туанды, ал Талғат Ерекеев Пәкістан өкілі Әли Мухаммад Заинды 3:0 есебімен жеңді.
Алтынай Ержанқызы Вьетнам спортшысы Нгуен Тхи Хоа Фыонгтан 3:1 есебімен басым түссе, Азамат Оразбек Непал өкілі Рай Бибекті дәл осындай есеппен ұтты.
Аружан Ғиниятова Оңтүстік Корея спортшысы Ян Бок Сунды, ал Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан өкілі Мадан Джеханды 3:2 есебімен жеңді. Антонина Роговаға Таиланд спортшысы Вангпрачум Пронвимол жарысқа шықпағандықтан, техникалық жеңіс берілді.
Қалған кездесулерде Балзия Таш екі рет, сондай-ақ Игорь Худяков, Азамат Оразбек, Раушан Орынбаева, Аружан Ғиниятова, Әли Махулбеков, Талғат Ерекеев, Ардақ Нұрмағамбетов пен Александра Степанова қарсыластарына есе жіберді.
Боччадан Итана Шыңғысханова екі рет жеңіске жетті
Боччадан жекелей сында Итана Шыңғысханова екі кездесуінде де жеңіске жетті. Алдымен ол Қытай спортшысы Донг Линді 5:1 есебімен ұтса, кейін Моңғолия өкілі Давхарбаяр Дагмидмадан 5:4 есебімен басым түсті. Келесі кездесуде қазақстандық спортшы Гонконг өкілімен бақ сынайды.
Ерлер арасында Алмат Ерхат Индонезия спортшысы Сиафа Мухамадқа 3:4 есебімен есе жіберді. Азамат Аязбаев Қытай өкілі Дженг Юансеннен 0:15 есебімен жеңілді. Ал Эльмира Мусралиева Иран спортшысы Мариам Малекифалахқа 2:3 есебімен жол берді.
Алдағы жарыстарда Алмат Ерхат Гонконг өкілімен, Азамат Аязбаев Таиланд пен Малайзия спортшыларымен кездеседі. Эльмира Мусралиева Таиланд, Қытай және Гонконг өкілдерімен сынға түседі.
Бочча жарысына 22 елден 85 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан атынан бес спортшы өнер көрсетуде. Алда олар жекелей сынмен қатар жұптық және командалық жарыстарға да қатысады.
V Азия Пара ойындарының ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы жарысқа 12 спорт түрінен 150 спортшыны қосты. Дода 24 қазанға дейін жалғасады.