Жапонияда Азия пара ойындарына қатысушы елдердің тулары көтерілді

Жарияланды 17 Қазан 2026 09:01

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Пара ойындарға Қазақстаннан 150 адам қатысады/ gov.kz

Жапонияда V Азия пара ойындары қарсаңында қатысушы елдердің ұлттық делегацияларын қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты шарада мемлекеттердің тулары көтеріліп, ұлттық әнұрандары орындалды. Сонымен қатар делегация өкілдері бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Іс-шара аясында Жапонияның мәдениеті мен дәстүрін таныстыратын өнер көрсетілімдері ұйымдастырылып, ойындардың бойтұмары мен негізгі рәміздері таныстырылды.

Ойындардың ресми бойтұмары – Узумин. Оның атауы жапон тіліндегі uzu («иірім») және izumi («бұлақ») сөздерінен құралған. Азия ойындарының бойтұмары Хонохона отты бейнелесе, Азия Пара ойындарының бойтұмары Узумин судың символы ретінде таңдалған. Ол табандылықты, алға ұмтылуды және үздіксіз дамуды білдіреді.

Ал ойындардың «IMAGINE ONE HEART» ұраны бірлік пен өзара қолдау идеясын дәріптейді. Оның мақсаты – қоғамдағы кедергілерді жойып, спорт арқылы адамдарды жақындастыру, теңдік пен инклюзия құндылықтарын насихаттау.

V Азия пара ойындарында Қазақстан атынан 150 спортшы 12 спорт түрінен бақ сынайды. Құрлықтық дода 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Алғашқы жарыстар 16 қазанда пара үстел теннисінен басталды.

Ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласындағы Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.

Салтанатты шеруде Қазақстанның Мемлекеттік туын пара жеңіл атлетикадан Париж-2024 жазғы Паралимпиадасының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шығады.

Сондай-ақ оқыңыз