Пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарының чемпионы атанды

Жарияланды 21 Қазан 2026 13:23

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: kazparalimpics

Қазақстандық пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда Иран спортшысын қосымша уақытта жеңіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Kursiv Media.

21 қазанда Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты.

Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Жартылай финалда қазақстандық спортшы Иран өкілі Амирхоссейн Нимрузи Навохидимен кездесті. Белдесу 2 минут 50 секундқа созылып, Шүкірбеков қарсыласын иппон әдісімен жеңді.

Финалда тағы бір ирандық спортшыны жеңді

Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде Жұрқамырза Шүкірбеков Иранның тағы бір өкілі Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзимен кездесті.

Төрт минутқа созылған негізгі уақытта екі спортшы да жеңімпазды анықтай алмады. Нәтижесінде белдесу қосымша уақытқа ұласты.

Қосымша уақытта қазақстандық дзюдошы юко бағасын алып, қарсыласынан басым түсті.

Осылайша, Жұрқамырза Шүкірбеков V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Айта кетейік, бұған дейін 21 қазанда қазақстандық пара дзюдошылар Ақтолқын Сейілбекова мен Зарина Раифова да алтын медаль жеңіп алған еді.

Шүкірбековтің жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынындағы алтын медаль саны онға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз