Павлодарда үш жасар қыз тісін емдеткеннен кейін комаға түсті – БАҚ

Жарияланды 24 Қазан 2026 15:35

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Светлана Воронова

Светлана Воронова

Фото: Shutterstock

Павлодарда үш жасар қыз тісін емдегеннен кейін комаға түсті. Бүлдіршіннің туысының айтуынша, қазір баланың өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр. 

Болған жағдай Instagram желісіндегі «Типичный Павлодар» парақшасында жарияланды. Әйелдің айтуынша, 21 қазанда қыздың жағдайы стоматологияда күрт нашарлаған. Анасы қызының жағдайына алаңдаушылық білдіргеніне қарамастан, стоматолог емдеу процедурасын жалғастыра берген.

Әйелдің айтуынша, клиника қызметкерлері бастапқыда жедел жәрдем шақырмаған. Кейін медбике жедел жәрдем шақырған. Сол уақытта қыздың аузынан көбік шыққан. 

«Жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап қалды. Жүрегі екінші рет облыстық балалар ауруханасында тоқтады», – деп жазған туысы.

Қыздың ес-түссіз жатқанына үш күн болған. Ол жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Стоматология жауабы

Клиника барлық ем-шара елдің медициналық хаттамаларына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеген. Сондай-ақ оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтау үшін тексеру басталғанын хабарлады.

«Ресми тергеу аяқталғанға дейін клиника қызметкерлері кінәлі деген тұжырым жасауға ерте», – делінген стоматологияның түсініктемесінде.

Сонымен қатар стоматология көрінеу жалған ақпарат таратқаны, сондай-ақ клиника мен оның қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіретін айыптаулар үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.

Денсаулық сақтау басқармасы не дейді?

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы да жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы туған қызды жедел жәрдем бригадасы 21 қазан сағат 15:45-те облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Бала жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда жатқызылды. Қазір қыз жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, қарқынды терапия жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады басқарма.

Жағдайды денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке бақылауына алған.

Ведомство таратқан ақпаратта баланың комаға түскені және жүрегі екі рет тоқтағаны туралы ақпарат нақтыланбаған.

Сондай-ақ оқыңыз