
32 жыл бойы қызын іздеген Наташа Қалымбетованың АҚШ-та тұратын қызы табылды. ДНҚ сараптамасының нәтижесі олардың анасы мен қызы екенін растады. Қалымбетова сүйінші жаңалығымен бөлісті, деп жазады Kursiv.Media.
Наташаның айтуынша, ол қызын алғаш көрген сәттен-ақ өз баласы екенін сезген. Алайда қызы АҚШ азаматы болғандықтан, туыстық байланыстың ДНҚ сараптамасы арқылы расталуын қалаған. Зерттеу нәтижесінде олардың биологиялық туыстығы 99 пайызға расталған.
«Мен оны көргенде бірден менің қызым екенін сездім. Ол қатты қобалжыды. Құжаттарым болғанымен, америкалық болғандықтан ДНҚ нәтижесін көргісі келді. Енді бәрі өзгереді. Біз Таиландта кездесеміз. Қызым ұлыммен де танысқысы келеді. Екі баламды табыстырамын. Бір отбасы боламыз», – деді Наташа Қалымбетова.
Сондай-ақ ол қызының Америкадан алғаш рет Азияға сапарлайтынын айтып, алдағы кездесуді асыға күтіп отырғанын жеткізді. Қалымбетованың ұлы Қытайда оқиды. Сондықтан отбасы мүшелері Таиландта бас қосуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Наташа Қалымбетова Батыс Қазақстан облысына қарасты шағын ауылда 17 жасында ауылдастарынан зорлық көрген. Наташа Қалымбетова зорланғаны жайлы оқиғаны тек 30 жылдан кейін алғаш бөлісті. Әлеуметтік желіде ол қызу талқыланып, авторды қолдағандар көбейді. Оның сөзінше, зорлық салдарынан 1995 жылы дүниеге келген қызын содан бері іздеп келген. Қалымбетованың тағы бір ұлы бар, ол Қытайда білім алып жүр.
Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысының полициясы тергеу де бастаған. Куәгерлер мен нақты дәлелдердің болмауына байланысты іс ұзақ уақыт бойы алға жылжымаған. Одан кейін Қалымбетова президентке үндеу жасап, істің әрі қарай әлегілеуіне қатысты көмек сұраған еді.