
Ара-тұра қоғамдағы түрлі оқиғаларға пікір білдіріп жүретін жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көптің назары ауған кешегі «Қазақ ару» байқауын мәнсіз конкурсқа теңеді.
Байқаудағы арулар Хамитовқа ұнамағанға ұқсайды.
Оның сөзінше, елде қаншама әдемі қыздар жүргенде ұйымдастырушылар титулды түсініксіз біреулерге береді. Осыған қарап шетелдіктер қазақтың ең әдемі қызы осылар деп ойлап қалуы мүмкін.
Бұл пікірімен тоқтамаған Хамитов келесі жазбасын байқау ұйымдастырушысы Баян Алагөзоваға бағыттады.
Ол байқауды «Қазақ аруы» емес, «Баян аруы» деп өзгерту керек дейді.
«Қазақ» деген барлығына, тұтас ұлтқа қатысты. Ұлтымызда мына біреудің назары жетпей жүргендерге қарағанда, сұлу да лайықты қыздар жетіп артылады. Олар ол жаққа не үшін баратынын бәріміз де білеміз», – дейді ол Threads желісінде.
Кеше өткен «Қазақ аруы – 2026» төңірегіндегі талқы басылар емес. Әсіресе тәжге ие болған Асылым Өтепбергеннің жеңісі туралы жазылып жатқан сын көп.