
Қазақстандағы міндетті автосақтандыру саласын түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. Жаңа заң қабылданса, 2027 жылдан автополис төлемін есептеу тәсілі өзгеріп, нақты ақша орнына көлікті жөндеп беру ұсынылуы мүмкін.
Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев журналистермен кездесуде «Сақтандыру нарығы туралы» заңға міндетті автосақтандыру бойынша енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп өтті. Заң жобасы қазір талқыланып жатыр, 2027 жылы қабылдануы мүмкін.
Автополис құнын есептеу тәсілі өзгереді
Ең алдымен міндетті автосақтандыру полистері құнын есептеу және өтемақы төлеу тәртібі өзгереді. Міндетті автосақтандыру жүйесін реформалау – нарықта ұзақ уақыт көтеріліп келе жатқан мәселенің бірі.
Бұрынғы жүйенің тиімсіздігі сақтандырушы компаниялардың бұл бағытты дамытуға ынтасын жойып, құқықтық мүмкіндіктердің шектеулі болуы салдарынан көлік жүргізушілер тарапынан да жиі наразылық туындайтын.
Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында әзірленіп жатқан «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасы салаға бірқатар түбегейлі өзгерістер әкелмек.
Біріншіден, құжатта «тарифтік дәліз» ұғымын бекіту қарастырылған. Бұл сақтандыру компанияларына негізгі тарифке түзету коэффициенттері арқылы әр клиенттің жағдайын жеке есептеп, баға мен өтемақы мөлшерін нақтылайды.
Мұндай тетік полистердің шығынын төмендетіп қана қоймай, компанияларды скоринг жүйелерін дамытуға ынталандырады.
Айта кетейік, бұл тариф дәліздердің нақты параметрлері кейіннен нормативтік-құқықтық актілер арқылы қабылданып, оны жаңадан құрылатын институт – Орталық актуарий бекітетін болады.
Дәл осындай тәсіл басқа да міндетті сақтандыру түрлеріне де енгізіледі деп жоспарланған.
Ақшаның орнына көлікті жөндеп береді
Екіншіден, заң жобасы жол-көлік оқиғасына түскенде, ақшалай өтемақымен қатар, автокөлікті жөндеу түріндегі өтемақы ұсынылады.
Бұл ретте ақшаны алу болмаса көлікті жөндету құқығы толық тұтынушының өзіне қалдырылады.
Үшіншіден, нарықтағы делдалдар қызметін қатаң қадағалайтын қадағалау құралдары енгізіледі. Енді бұл салаға қатысатын тұлғаларға, соның ішінде заңгерлік жоғары білімінің болуы сияқты қатаң талаптар қойылады.
«Іс жүзінде олардың қызметі консультация берумен шектеледі. Сонымен қатар олардың сыйақы мөлшерін реттеу тетігі енгізілуі мүмкін», – дейді Керімбаев.
Бұған дейін авто сақтандыру құны жүргізушінің тәртібіне қарай есептелетіні хабарланған.
Жаңа тәсілге сәйкес, сақтандыру компаниялары бірыңғай тарифпен шектелмей, әр жүргізуші мен көліктің жеке ерекшеліктерін ескере алады. Яғни полис құны сақтандыру жағдайының орын алу ықтималдығына көбірек байланысты болмақ.
Ресми дерек бойынша, 2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сыйақы көлемі 44%-ға (82 млрд-тан 118 млрд теңгеге) өскен.
Алайда сақтандыру төлемдерінің көлемі бірден 179%-ға артып, 38 млрд-тан 106 млрд теңгеге бірақ шықты. Шығын коэффициенті 51%-дан 106,8%-ға дейін күрт көтерілді.