Қазақстанда көлікпен саяхаттау: жолға шығарда нені ескеру керек

Жарияланды 5 Қараша 2026 10:58

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанды жеке көлікпен аралау – демалысты өз қалауыңмен жоспарлап, жол бойындағы көрікті жерлерге аялдауға мүмкіндік беретін саяхат түрі. Алайда кей бағыттарда елді мекендер мен жанармай бекеттерінің арасы алшақ болуы мүмкін. Сондықтан ұзақ жолға шығар алдында маршрутты ғана емес, көліктің жағдайын, жанармай қорын және жолдағы қауіпсіздікті де ойластырған жөн. Kursiv LifeStyle ұзақ жолға дайындалғанда нені ескеру керектігін тізіп шықты.

Сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін мына жайттарға назар аударыңыз.

1. Маршрутты алдын ала жоспарлаңыз

Алдымен баратын жеріңізге дейінгі қашықтық пен жолға кететін уақытты есептеңіз. Картадағы көрсетілген уақытқа ғана сүйенбей, жанармай құюға, тамақтануға және демалуға кететін уақытты да ескерген дұрыс.

Қазақстанның кейбір туристік орындары негізгі тасжолдардан шалғай орналасқан. Мысалы, Бозжыраға немесе Алтын-Емел ұлттық паркіндегі кейбір нысандарға жету үшін қосымша жол жүруге тура келеді. Мұндай бағыттарға барғанда жолдың сапасын және көлік түріне қойылатын талаптарды алдын ала анықтаңыз.

Сонымен қатар интернет байланысы болмайтын аумақтар кездесуі мүмкін. Сондықтан картаны телефонға алдын ала жүктеп алған жөн.

2. Көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз

Ұзақ сапар алдында автокөлікті техникалық тексеруден өткізген дұрыс. Әсіресе тежегіш жүйесіне, рульге, қозғалтқышқа, аккумуляторға және жарық беру құралдарына назар аудару қажет.

Сондай-ақ мыналарды тексеріңіз:

  • шиналардың жағдайы мен ауа қысымы;
  • қосалқы дөңгелектің жарамдылығы;
  • қозғалтқыш майы мен салқындатқыш сұйықтық деңгейі;
  • тежегіш сұйықтығы;
  • әйнек жуатын сұйықтық;
  • аккумулятордың қуаты.

Егер сапар күздің соңы немесе қыс мезгіліне жоспарланса, маусымға сай шиналар орнатылғанына көз жеткізіңіз. Қажет болған жағдайда көлікке қысқы жабдықтарды да дайындаған жөн.

3. Жанармай мен жол шығынын есептеңіз

Саяхат бюджетін жоспарлағанда тек жанармай құнын емес, жол бойындағы тамақтану, ақылы жолдар, тұрақ және қажет болса қонақүй шығынын да есепке алыңыз.

Маршрут бойындағы жанармай бекеттерін алдын ала белгілеп қойған дұрыс. Әсіресе шалғай елді мекендерге немесе табиғи аумақтарға бара жатқанда жанармайды соңғы сәтке дейін үнемдеуге болмайды.

Күтпеген жағдайларға арнап қосымша қаражат қалдырған жөн. Ал сапарға бірнеше адам бірге шықса, ортақ шығындарды алдын ала бөлісуге болады.

4. Жолдың ашық-жабық екенін тексеріңіз

Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалыс уақытша шектелуі мүмкін. Әсіресе қыс мезгілінде боран, көктайғақ, тұман мен қатты аяз жол жағдайын күрт өзгерте алады.

Сапар алдында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми сайтындағы жол жағдайы көрсетілген картаны тексеріңіз. Онда жөндеу жұмыстары, қозғалысқа қойылған шектеулер және жолдағы оқиғалар туралы ақпарат жарияланады.

Жолдың жағдайын 1403 нөмірі арқылы да нақтылауға болады. Бұл – «ҚазАвтоЖолдың» тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы.

5. Қажетті заттарды алып шығыңыз

Ұзақ сапарда көліктің бұзылуы немесе жолда күтпеген жағдайға тап болу қаупі бар. Сондықтан жүксалғышта алғашқы қажетті заттар болғаны дұрыс.

Өзіңізбен бірге мыналарды алыңыз:

  • қосалқы дөңгелек, домкрат және дөңгелек кілті;
  • аккумуляторды қуаттауға арналған іске қосу сымдары;
  • сүйреткіш арқан;
  • компрессор немесе дөңгелек үрлегіш;
  • дәрі қобдишасы;
  • фонарь және қуаттағыш;
  • ауызсу мен жеңіл тамақ;
  • жылы киім немесе көрпе.

Қыс мезгілінде күрек, қолғап, әйнек мұзын тазартатын құрал және жылы аяқкиім де артық болмайды.

6. Жүргізушінің демалысын ескеріңіз

Ұзақ жолда шаршау – жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін негізгі қауіптердің бірі. Сондықтан жолға шығар алдында жақсылап тынығып, көлік тізгініне ұйқы қысып немесе шаршаған күйде отырмау керек.

Жол бойында тұрақты түрде аялдап, демалған жөн. Егер ұйқыңыз келсе, терезені ашып немесе музыканы қатты қойып жүрудің орнына қауіпсіз жерге тоқтап, тынығып алыңыз.

Сондай-ақ жылдамдықты асырмау, басып озу ережелерін сақтау және қауіпсіздік белдігін тағу маңызды. Жолаушылар да қауіпсіздік белдігін пайдалануы керек.

7. Құжаттар мен байланыс құралдарын дайындаңыз

Жолға шығар алдында жүргізуші куәлігінің, көліктің тіркеу құжатының және міндетті сақтандыру полисінің бар екенін тексеріңіз. Құжаттардың электронды көшірмесін телефонда сақтауға болады, бірақ қажет жағдайда түпнұсқалары да қолжетімді болғаны жөн.

Телефонды толық қуаттап, көлікке арналған қуаттағышты алыңыз. Маршрутты жақындарыңызбен бөлісіп, қай бағытқа және шамамен қай уақытта жететініңізді хабарлаған дұрыс.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда күзде қайда демалуға болады: ТОП-10 көрікті жер

Сондай-ақ оқыңыз