Нұртас Адамбайдың әйелі күйеуінің «сектаға» түскенін мәлімдеді

Жарияланды 11 Қараша 2026 08:57

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Фото: instagram.com/galiya_adambay

Қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай күйеуінің психолог Төребек Бекбаевтың ықпалында жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, психологтың көзқарастары отбасындағы жанжалдарға себеп болып, балалардың тәрбиесіне кері әсер етіп жатыр, деп хабарлайды Kursiv Media.

Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бірнеше сторис жариялап, психолог Төребек Бекбаевтың идеяларын сынға алды. Ол аталған көзқарасты ұстанатын адамдарды «секта» деп атап, құбылысты «төребекшілдік» деп сипаттады.

Әйелдің айтуынша, күйеуі балаларды өз еркінен тыс ештеңе істеуге мәжбүрлеуге болмайды деген ұстанымды қолдайды. Тіпті бұл баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге де әсер етеді.

«Үш жасар баланың тісін тазалату үшін күн сайын күресуге тура келетін үйде өмір сүру – азап. Балаларды дұрыс, құнарлы әрі пайдалы тамақпен қамтамасыз ету де қиынға соғады», – деп жазды Ғалия.

Оның сөзінше, Нұртас Адамбай өз денсаулығына мұқият қарайды, дұрыс тамақтанады, қажетті дәрілерін қабылдайды және гаджеттерді пайдалануды шектейді. Алайда жұбайы оның балалар тәрбиесіне қатысты ұстанымдарына наразы екенін жеткізді.

Ғалия соңғы бес жылда мұндай көзқарастардың салдарынан көптеген қиындыққа тап болғанын мәлімдеді.

«Секта осылай жұмыс істейді. Әйелдер мен балалар зардап шегеді. Мен барлық құжат пен мамандардың қорытындысын жариялаймын. Оның да уақыты келеді. Қазір мен үшін балаларымның жағдайы маңызды», – деді ол.

Ғалия Адамбай құжаттарды жариялауға уәде берді

«Күйеуімнің «төребекшілдік» сектасында болуы маған үнсіз қалуға мүмкіндік бермей отыр. Өзінің қоқан-лоққысы мен оғаш әрекеттері арқылы мені қайта сөйлеуге мәжбүрлеп жатыр», – деп жазды Ғалия.

Ол алдағы уақытта сөздерін растайтын құжаттар мен мамандардың қорытындыларын жариялауға ниетті екенін мәлімдеді.

Әзірге Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаев бұл айыптауларға қатысты ұстанымы белгісіз.

Бұған дейін Нұртас Адамбай журналист Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында АҚШ-тағы өмірі, депрессияны бастан өткеруі, дінге көзқарасы және жұбайы Ғалиямен қарым-қатынасы туралы айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз