Президент қазақ тіліндегі контенттің орны нығайып келе жатқанын атап өтті

10 қарашада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X мерейтойлық құрылтайына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Президент өз сөзінде қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс тауып келе жатқанын, ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түскенін атап өтті:
«Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек».
Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына оң баға беріп, ана тіліміздің өркен жаюына бәріміз мүдделі екенімізді, бәріміздің мақсатымыз бір болуға тиіс екенін айтты.
«Біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті. Қазақ Елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» – деп, қазақ тілінің келешегіне нық сенімді болуға үндеді.
Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту ісін қолдап, 2023 жылы Qazaq Tili Endowment қорына алғашқы болып жеке қаражатынан 7 млн теңге жарна аударды. Бұл бастаманы ірі бизнес өкілдері мен тіл жанашырлары жалғастырды. Қазір Qazaq Tili Endowment қорындағы капитал көлемі 824 млн теңгеге жетті.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының осы уақытқа дейін атқарған, алда атқармақ, жоспарланып отырған жұмыстары пленарлық отырыс алдында өткен көрмеде Президенттің әрі Құрылтайға қатысушылардың назарына ұсынылды. Қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлы баяндамасында әр жобаға егжей-тегжей тоқталды.
Алгоритмдердің қазақшасы жақсарды
Жасанды интеллект тіліне айналмаған тіл цифр кеңістігінен біртіндеп ығысып қалады. Қоғам OpenAI компаниясымен бірлесіп, бір жылда 14 млрд токендік мәтін корпусы мен 12 мың сағат аудиожазба жинаған. Қазақша айтылған сөзді танитын модельдердің дәлдігі 98 пайызға жетті.

Кино тілін көрермен өзі таңдайды
Тілдің қолданыс аясының таза өлшемі – кинотеатр кассасы. Үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 фильмі қазақша дубляждалып, 1 миллионнан астам көрермен жинаған. 2023 жылға дейін қазақша сеанстар үлесі 1–4 пайыз болса, қазір орта есеппен 9,5 пайыз, кей фильмдерде 16 пайыздан асқан. Ендігі меже – осы көрсеткішті кемі 20 пайызға жеткізу.
Қазақша кітап оқимын деген адамға еш кедергі жоқ
Президенттің тапсырмасымен іске асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының ресми серіктесі – KITAP цифрлық кітапханасының оқырманы 4 миллион адамнан асқан. Платформаның өз мазмұны 5 мыңнан астам электронды кітап пен мыңнан астам аудиокітапқа жеткен.
«Біз «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Қоғам мен оның серіктестері атқарып жатқан жұмыстың бір бөлігін ғана таныстырдық. Бірақ қай бастама, қай жоба болмасын, біз бірінші кезекте Қазақстанның ел ретінде күшейуін, қоғам болып ұйысуын, мемлекеттілігінің нығаюын ойлаймыз. Тіліміздің киесі мен қасиеті – осыған жол ашатын күш екендігіне кәміл сенеміз», – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы.

Құрылтай мінберінен тілді кәсібі мен күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған өзге этнос өкілдері қазақ тілінде сөйледі. Бұл – мемлекеттік тіл елді ұйыстыратын құндылық деген ұстанымның дәлелі.
Мемлекет басшысы қазақ тілі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеріп, еңбегіне жоғары баға берді. Қазақ тілінің цифрлық қорын қалыптастыру, тіл нормаларын біріздендіру, сапалы сөздіктер әзірлеу, қазақша мазмұнды көбейту және тіл үйренуге қолайлы жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратушының адамға берген игілігіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп отырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек», – деп ерекше атап өтті Мемлекет басшысы.
Алда 19 сөздік пен анықтамалықты қамтитын «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық платформасы құрылып, орфография жүйесін біріздендіру, терминологияны жүйелеу ісі жолға қойылмақ. Енді тілді дамытуда нақты іс пен сапалы мазмұн шешуші рөл атқарады.
Мемлекет басшысының «Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат» деген сөздері еліміздегі әр азаматтың мемлекеттік тілді дамытып, өркендетуге деген ниетін ұштай түсер үндеуге айналары анық.
