
Түркістан облысындағы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтау үшін 1,2 млрд теңге бөлінді. Қаржы инфрақұрылымдық даму қоры есебінен қарастырылған. Нысандағы жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – көктемгі су тасқыны кезінде жиналған суды сақтап, оны егіншілік маусымында ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалану. Сонымен қатар су қоймасы қолданыстағы «Бөген» су қоймасына қосымша су жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бәйдібек ата» су қоймасының жобалық сыйымдылығы 68 млн текше метрге тең. Жалпы аумағы 680 гектарды құрайды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қосымша 9,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл өңірдегі су тапшылығының алдын алып, шаруалардың егін суару мүмкіндігін жақсартуға тиіс.
2026 жылы Түркістан облысындағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 911,4 мың гектарға жеткен. Оның 325,4 мың гектарына дәнді дақылдар, 98,3 мың гектарына майлы дақылдар, 91,6 мың гектарына көкөніс пен бақша дақылдары егілген. Сонымен қатар 173,6 мың гектарға мақта, 213,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар орналастырылған. Өңірдегі суармалы жерлердің жалпы көлемі 573 мың гектарды құрайды.
Қазір облыста су ресурстарын тиімді пайдалану үшін суару каналдарын жаңғырту және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы су шығынын азайтуға басымдық берілген.
2026 жылы Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемі 702,3 мың гектарға жеткен. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,362 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқартып, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған.