
Түрік актерлері Рыза Коджаоглу, Сезгин Эрдемир және Илай Эркек қазақстандық жанкүйерлерімен кездесуге Астанаға ұшып келеді.
Танымал актерлердің сапары туралы ақпаратты «Түрік киносы күндері» шарасын ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жариялады.
Гала-кеш форматындағы салтанатты ашылу рәсімі мен көрермендермен кездесу 26 қараша күні сағат 18:30-да Chaplin Mega Silk Way кинотеатрында өтеді. Ал түрік фильмдерінің көрсетілімі 26-30 қараша аралығында ұйымдастырылады. Барлық сеанстарға кіру тегін.
Қазақстандық көрермендер келген актерлерді танымал түрік телехикаялары арқылы жақсы біледі.
Рыза Коджаоглу — «Чукур» криминалдық сериалының жұлдызы. Ол туындыда көрерменнің есінде ерекше сақталған Аличо есімді кейіпкерді сомдаған. Сондай-ақ актер «Ішінде», «Эзель», «Басқа өмір» және басқа да жобаларға түскен.
Сезгин Эрдемир тарихи және драмалық туындылардағы рөлдерімен танымал. Ол «Қайта тірілген Ертұғрыл» және «Османның құрылуы» секілді сериалдарға қатысқан.
Ал Илай Эркек «Желді» сериалындағы Ярен Шадоғлы рөлінен кейін көпшілікке кеңінен танылды. Актриса бұдан бөлек басқа да жобаларға түскен.
Қазақстандық көрермендер әлеуметтік желідегі пікірлерінде актерлердің елге келетініне қуанып, Аличо кейіпкерін еске алып жатыр. Сондай-ақ олардың Алматыда да жанкүйерлерімен кездесуі жоспарланған-жоспарланбағанын сұраған.
«Алматыға қашан келеді?», «Уау!», «Ең сүйікті супер жұлдызым», — деп жазған желі қолданушылары.
Мұның алдында 2025 жылы жарыққа шыққан топ-10 түрік сериалы белгілі болды.