Тыңайтқыш импорты 235 млн доллардан асты: негізгі жеткізушілер кімдер

Жарияланды 20 Қараша 2026 15:44

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Қазақстан әлі де тыңайтқыш импортына тәуелді /фото: Бақдәулет Патық

Қазақстанда азотты тыңайтқыш өндірісі өскенімен, ішкі сұраныстың жартысынан астамы әлі де импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар шетелден әкелінетін тыңайтқыштардың бағасы бір жылда 18,8%-ға қымбаттаған.

2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Қазақстанда 323,7 мың тонна азотты минералды тыңайтқыш өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға көп. Алайда фосфорлы тыңайтқыш өндірісі керісінше 3,6 есе қысқарып, 7,3 мың тоннаны құраған.

Energyprom дерегінше, қаңтар–тамыз айларында отандық азотты тыңайтқыштар ішкі сұраныстың 46,5%-ын ғана қамтамасыз еткен. Қалған 53,5%-ы импорт арқылы өтелген. Осы кезеңде елге 298,8 мың тонна шетелдік өнім жеткізілген.

Ал фосфорлы тыңайтқыштар бойынша отандық өнімнің үлесі 87,5% болған. Дегенмен бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 98,9%-ға жеткен еді. Импорт көлемі шамамен 1 мың тоннаға дейін өссе, ішкі нарықтағы сатылым алты есе азайып, 2,8 мың тоннаны құраған.

2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан 501,3 мың тонна минералды және химиялық тыңайтқыш импорттаған. Бұл былтырғыдан 1,8%-ға көп. Ал импорттың ақшалай көлемі 26,2%-ға өсіп, 235,3 млн долларға жеткен.

Импорттың басым бөлігі Ресей мен Өзбекстаннан жеткізілген. Атап айтқанда, Ресейден 374,4 мың тонна, Өзбекстаннан 104,8 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Осы екі елдің үлесіне жалпы импорттың 95,6%-ы тиесілі.

Сонымен қатар импорттық өнімнің бағасы да өсіп жатыр. Биыл қаңтар–қыркүйек айларында шетелден әкелінетін тыңайтқыштар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,8%-ға қымбаттаған. Ал экспорттық бағалар небәрі 1,6%-ға өскен.

Импортқа тәуелділікті азайту үшін Маңғыстау облысында жаңа химия кешенін салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын жылына 577,5 мың тонна карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіре алады. Жобаны 2030 жылы іске қосу көзделген.

Сарапшылардың дерегінше, Қазақстан үшін тыңайтқыш өндірісін ұлғайту ғана емес, ішкі нарықта тапшылығы бар өнім түрлерін шығаруды дамыту да маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің импортқа тәуелділігін және өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Жылыжайларда өсірілген көкөніс көлемі 25%-ға артты

Сондай-ақ оқыңыз