Димаш Құдайбергенді Колумбияда жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды

Жарияланды 23 Қараша 2026 09:47

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Колумбия астанасы Боготаға барды. Әуежайда оны жергілікті жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. 22 қарашада әнші осы қалада Колумбия жұртшылығы алдында алғаш рет жеке концерт берді. Бұл DIMENSIONS жаңа әлемдік туры аясында өнер иесінің Латын Америкасындағы бесінші концерті болмақ.

Әншіні күтіп алған колумбиялық Dears оның есімін хормен атап, испан тілінде сәлемдесу сөздерін айтты. Әуежайда «¡Dimash! ¡Dimash!» және «¡Bienvenido a Colombia!» деген дауыстар естілді. Соңғы тіркес «Колумбияға қош келдіңіз!» деген мағынаны білдіреді.

Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Жанкүйерлер Димашпен кездескен сәтті суретке түсіріп, оған деген ықыласын білдірді. Бұл – әншінің Латын Америкасындағы жаңа әлемдік туры аясындағы бесінші концерті.

Димаш Боготадағы 14 мың көрерменге арналған аренада өнер көрсетті

Фото: dimashnews.com

22 қарашаға жоспарланған концерт Колумбия астанасындағы El Corazón de Bogotá Arena аренасында өтті. Бұрын Movistar Arena деп аталған бұл кешен Теусаквильо ауданында орналасқан және қаладағы ірі концерт алаңдарының бірі саналады.

Арена іс-шараның форматына қарай 14 мыңға дейін көрермен қабылдай алады. Мұнда бұған дейін Шакира, Андреа Бочелли, Марк Энтони, Алехандро Фернандес, Андре Рьё, The Offspring және Morat секілді танымал орындаушылар өнер көрсеткен.

dimashnews.com

Кешен халықаралық концерт индустриясында да танымал. Pollstar басылымының 2024 жылғы рейтингі бойынша, Movistar Arena әлемдегі көрермені ең көп алты концерт аренасының қатарына енген.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген қараша айында Мексикада концерттер өткізіп, жергілікті жанкүйерлерімен кездесіп жүр. Бұған дейін, Димаш WBC бокс ұйымының белбеуін алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз