
Қытайдың Шанхай қаласында португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналдуға арналған жеті метрлік алып мүсіннің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ескерткіш футболшының әйгілі «Siuuu» қимылын бейнелейді.
Мүсін Шанхайдағы танымал Шығыс Нанкин көшесінде орналасқан жаңа CR7 музейінің маңына қойылды. Ескерткіште 41 жастағы Роналду Португалия құрамасының жетінші нөмірлі жейдесін киіп, гол соққаннан кейінгі әйгілі қуанышын көрсетіп тұрған сәтте бейнеленген.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл – Роналдуға арналған әлемдегі ең үлкен мүсін.
Ашылу салтанатына футболшының ағасы Угу Авейру мен жақын досы Мигел Пайшау қатысты. Рәсімге жиналған жанкүйерлер Роналдудың әйгілі қимылын қайталап, «Siuuu» деп ұрандатты.
Роналдуға арналған музей ашылды
Мүсіннің ашылуы Шанхайда португалиялық футболшының мансабына арналған CR7 музейінің іске қосылуымен тұспа-тұс келді.
Аумағы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайтын музейде 40-тан астам жәдігер қойылған. Олардың арасында Роналдудың жеке марапаттары, ойын кезінде киген жейделері мен футбол бутсылары бар.
Экспозицияның бір бөлігі футболшының балалық шағына және кәсіби мансабының алғашқы кезеңіне арналған.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жеті метрлік мүсін Шанхайда 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін тұрады. Ал CR7 музейі келушілер үшін бір жыл бойы ашық болады деп жоспарланған.