
Жыл басында Қазақстаннан шетелге аударылған әр 100 теңгенің 44 теңгесі Ресейге жететін. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 10 теңгеге де жетпеді. Осы аралықта Өзбекстан үшінші орыннан біріншіге көтеріліп, маусымнан бері ай сайын ең көп ақша қабылдаған ел болды. Соған қарамастан, қаңтар–қыркүйектің жиынтық есебінде Ресей әлі де алда.
Kursiv.Media Ұлттық банктің айлық есептерін салыстырды. Тоғыз айда Қазақстаннан халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 422,2 млрд теңге жіберілген. Оның 140,7 млрд теңгесі Ресейге, 120,5 млрд теңгесі Өзбекстанға, 65,6 млрд теңгесі Түркияға аударылды. Үш елге жалпы соманың 77,4%-ы тиесілі.

Өзбекстан Ресейден қашан озды?
Бетбұрыс маусымда болды. Мамырда екі елдің арасындағы айырма 703 млн теңгеге дейін қысқарса, маусымда Өзбекстанға 23 млрд теңге, Ресейге 21,2 млрд теңге жіберілді. Өзбекстан содан бері бірінші орнын сақтап келеді.
Тамызда Өзбекстанға жіберілген ақша да азайды. Шілдедегі 20,4 млрд теңгеден 12,3 млрд теңгеге дейін түсті. Бірақ Ресейге аударым одан әлдеқайда күрт қысқарып, екі елдің арасы ашыла түсті. Қыркүйекте Өзбекстанға 14,6 млрд теңге жіберілді. Бұл сол айда шетелге аударылған ақшаның 42%-ы.
Тамызда Ресейге аударым 14 есе азайды
Шілдеде Ресейге 17,1 млрд теңге аударылса, тамызда бұл сома 1,2 млрд теңгеге дейін түсті. Сол айда «Золотая Корона» Ұлттық банктің кестесінен көрінбей қалды. Бір ай бұрын шетелге жіберілген соманың 77,9%-ы осы жүйе арқылы өткен еді. Тамызда барлық елге жіберілген аударымдар да 56,4 млрд теңгеден 27,9 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Қыркүйекте Ресейге аударым 3,3 млрд теңгеге дейін қайта өсті. Дегенмен сол айда Қазақстаннан Түркияға Ресейге қарағанда екі еседен көп ақша жіберілді. Ал тоғыз айдың қорытындысында Ресей мен Өзбекстанның арасындағы айырма 20,2 млрд теңге болып қалды.