
Пуэрто-Рико өкілі, 27 жастағы Дженнифер Баррето «Ғалам аруы – 2026» (Miss Universe) халықаралық сұлулық байқауының жеңімпазы атанды. Қазақстан атынан қатысқан Алина Ри үздік 30 арудың қатарына кіре алмады.
Халықаралық сұлулық байқауының 75-ші мерейтойлық додасы Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтті. Биыл бас жүлде үшін әлемнің түрлі елдері мен аумақтарынан келген 116 ару бақ сынады.
Жеңімпазға тәжді былтырғы «Ғалам аруы», Мексика өкілі Фатима Бош табыстады.
Дженнифер Баррето Пуэрто-Рико тарихында «Ғалам аруы» атағын иеленген алтыншы қатысушы. Бұған дейін Пуэрто-Рико өкілі халықаралық байқауда 2006 жылы жеңіске жеткен еді.
«Ғалам аруы – 2026» байқауының үздік бестігі:
- 1-орын – Дженнифер Баррето (Пуэрто-Рико);
- 2-орын – Мелисса Нуньес (Доминикан Республикасы);
- 3-орын – Клара Вегас (Венесуэла);
- 4-орын – Беа Миллан-Виндорски (Филиппин);
- 5-орын – Джорджия Уоддингтон (Жаңа Зеландия).
Дженнифер Баррето кім?
27 жастағы Дженнифер Баррето психология саласында бакалавр дәрежесін, сондай-ақ психология және клиникалық әлеуметтік жұмыс бойынша екі магистр дәрежесін алған.
Ол АҚШ Қорғаныс министрлігі жүйесінде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және дағдарыс жағдайында көмек көрсету бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар қайырымдылық жобаларына қатысады.
Қазақстандық Алина Ри қандай нәтиже көрсетті?
Қазақстан атынан байқауға «Қазақстан аруы – 2025» атағының иегері, Шымкент қаласының 22 жастағы тумасы Алина Ри қатысты. Алайда қазақстандық ару байқаудың жартылай финалына өте алмады.
Соған қарамастан, Алина Ри таныстырған «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты ұлттық костюм үздік 15 ұлттық киімнің қатарына кірді. Бұған дейін Kursiv Media Алина Ридің ұлттық костюмін әзірлеуге 5 млн теңгеден астам қаражат жұмсалғанын жазған еді.