
2026 жылдың алғашқы он айында Павлодар облысындағы сауда көлемі 2,1 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 15,6% болды.
Сауда саласын одан әрі дамыту үшін 2026-2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Құжатта сегіз бағыт бойынша 21 шара қарастырылған. Сонымен қатар жалпы құны 35,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Биыл өңірде ішкі сауда саласындағы жобаларды субсидиялауға 584 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдауды жалпы сомасы 843 млн теңге болатын несие алған сегіз жоба пайдаланды. Ал 2027 жылы үш сауда базарын жаңғырту көзделген.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова кәсіпкерлермен кездесуде отандық өнімді сауда орындарында ілгерілетудің жаңа тетіктеріне тоқталды. 20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен санатшасы бойынша сауда алаңының немесе сөре орнының кемінде 30%-ын қазақстандық өнімге бөлу талабы енгізілген. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда нысандары үшін бұл көрсеткіш 50%-ға дейін ұлғайтылған.
Вице-министрдің айтуынша, бұл талап отандық өндірушілердің сауда инфрақұрылымына қол жеткізуіне және олардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазақстандық ірімшікті ілгерілету жобасы мемлекеттік қаржысыз, маркетингтік тәсілдер арқылы жүзеге асқан.
Сондай-ақ AgroTrade электронды сауда алаңын дамыту мәселесі сөз болды. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп дамытылып жатқан платформада бес елден 528 қатысушы тіркелген. Осы уақытқа дейін 1,5 млн доллардың экспорттық жеткізілімі жасалған. Бұл алаң Павлодар облысының өндірушілеріне өнімін шетелдік нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.
Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері 1,8%-ға өскен. Республика бойынша бұл көрсеткіш 2,1% болған. Өнімді делдалсыз өткізу үшін облыста 536 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Оқи отырыңыз: Елдің сауда профициті 20,1 млрд долларға жетті