Елдегі санаулы жылу орталықтарын күрделі жөндеуге Қазақстанда қаржы жоқ дегенге сену қиын
Сәрсенбі күні Үкімет отырысында Әлихан Смайылов коммуналдық қызмет саласында тарифтерді өсіру – қажеттілігі туындап тұрғанын айтты. Премьердің мәліметіне қарағанда, биыл тұрғындар үшін түрлі коммуналдық тарифтер 10%-тен 30%-ке дейін өседі. Бұл үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты ұсынылып отыр. Үкімет басшысының уәжіне құлақ салсақ, энергия ұйымдарының қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге, энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Бұл жерде Үкіметтің ойы инвестор тартып соларға осы тарифтен төлеуді жүзеге асырамыз деп отыр ғой. Жалпы өткендегі Екібастұздағы оқиғадан кейін елдегі жылу орталықтарын модернизациялау, ауыстыру деген әңігмелер айтыла бастағанын білеміз. Күні кеше Алматыда да авария болып, сағаттап су тоқтап қалғанын естіп отырмыз. Меніңше бұның бәрі бір қарағанда әдейі ұйымдастырылып жатқан сияқты көрінеді. Осы кемшіліктерді «жою» үшін инвестиция тартамыз дегені жемқорлыққа апаратын тура жол деп айтар едім. Себебі, елдегі санаулы жылу орталықтарын күрделі жөндеуге Қазақстанда қаражат жоқ дегенге сену қиын. Сондықтан, меніңше бұл қадам да кезекті жемқорлық әрекетті «заңдастыру» деп ойлаймын. Осы орайда Алматыдағы жап-жақсы жолдарды қырып тастап, қайта жөндеп жатуы немесе жол жиегіндегі бүп-бүтін тұрған бордюрларды алып тастап басқасын қойып жатқаны еске түседі. Бұл да есебін тауып елдің үстінен жеп қалудың әрекеті дер едім. Үкіметтің бүгінгі айтқан әңгімесі де, күлкілі болса да айтайын, осы «сценарийге» ұқсап тұр.
Премьердің бүгінгі тарифті көтеру туралы әңгімесі негізі былтырдан бері оқтын-оқтын айтылып қалып жүрген сөз еді ғой. Түсінбейтінім, бізде неге сондай бір коммуналдық саланы жаңарту немесе күрделі жөндеу керек болса оны тек тарифті көтеріп, сол арқылы халықтың қалтасына салмақ түсіру арқылы жүзеге асырады? Оны шешудің басқа да жолдары бар ғой. Мәселен әншейінде қайтарымы жоқ жобалар үшін қол сала беретін Ұлттық қордан алдағы уақытта төлемдер арқылы қайтарылатын осындай жобаларға неге ақша алмасқа? Тіпті, түрлі халықаралық банктерден қарыз алып та шешуге болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, тарифтерді инвестицияға айырбастаймыз, сол арқылы инфляцияны екі есеге төмендетеміз дегендері шындап келгенде қисынсыз әңгіме дер едім. Иә, негізі Мемлекеттік облигацияларды сатқан кезде инфляцияның біршама төмендейтіні рас. Бірақ бұл жерде мемлекетттік компаниялардың инвестиция тарту арқылы және де өздерінің үлестік пайыздарын соларға айырбастау арқылы қымбатшылық қарқынын екі есеге дейін төмендете аламыз дегенді қандай калкуляторға салып есептеп айтқаны мен үшін түсініксіз.
Негізі тарифтерді көтеру елде арты кикілжіңге ұласатын қиын жағдайларға әкелуі мүмкін. Былтырғы Қаңтар оқиғасының өзі сол газ бағасының қымбаттағанынан басталғанын ұмытқан жоқпыз. Инфляция төмендегенімен, ол бір реттік іс болуы мүмкін және қарапайым халыққа айтарлықтай сезілмейді де. Былайша айтқанда, кейінге қалдырылған уақытша эффект болуы мүмкін, яғни орта мерзімде сол инфляция деңгейіне қайта ораламыз.
Смайыловтың кешегі әңгімесіне қарағанда инвестицияларды 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен тартуды көздеп отыр. Сәйкеісінше коммуналдық қызметке қатысты тарифтердің бағасын бірте-бірте көтермек. Демек, алдағы уақытта бұл салада, біз көптеген жылу орталықтары немесе электр станцияларында болатын «аварияларды» көріп, естіп қалуымыз әбден мүмкін. Бұның бәрі тарифтің көтерілуіне наразы болатын тұрғындарды «сабасына түсіріп, сабырға келтіру» үшін жасалатыны белгілі.