Мұнай бағасының арзандауы бюджет тапшылығына  әкеледі

Экономист

Өткен аптада әлемдік нарықтағы мұнай бағасы арзандады. Brent маркалы қара алтынның бағасы 85 доллардан бірден 75,6 доллларға құлады. Елдің биылғы бюджетін жоспарлаған да Қазақстан үкіметі мұнай бағасы  85 доллар көлемінде тұрады деген сценарийді қолданған болатын. Алдағы уақытта ел Үкімет түрлі шығындардың көлемін қалай толтырмақ? 

Иә, шын мәнінде біздегі бюджетті жоспарлау кезінде мұнай бағасы 85 доллар көлемінде тұрады деген сценарий бойынша  есептеліп бекітілген. Өкінішке орай, қазіргі таңда әлемдік нарықтағы қара алтын бағасының біршама түсіп бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл жағдайда біздің Мемлекеттің кіріс бөлігін біршама кемитіні белгілі. Сәйкесінше, Ұлттық қорға қол сұғу прооцесі жалғасатыны анық болып отыр. Жалпы, бізде пандемия кезіндегі қиындықты еңсеру мақсатында Ұлттық қордан 14.6 трлн. теңге алғанбыз. Одан кейін жағдай біршама тұрақталды деген өткен 2022 жылдың өзінде 4.6 трлн. теңге  аталған қордан бөлінген болатын. Осы жылға жоспар бойынша Үкімет  3.2 трлн. теңге аламыз деген еді, жақында бюджетке енген кейбір өзгерістерден соң тағы да 800 млрд. теңге алатын болдық. Яғни, қазірдің өзінде мұнай бағасының төмендеу әсері жетпей тұрып-ақ біздің Үкімет Ұлттық қордан 4 трлн. теңге алуды жоспарлап отыр деген сөз. Енді ойлаңыз, ертең мұнай бағасы дәл осы қарқынмен түсе беретін болса, оның салдары біріншіден Ұлттық қорға түсетін кіріс көлемінің азаюына әкеп соқтырады. Сонымен қатар бюджет түсімдері де азаяды. Оның салдары елдегі бюджеттік тапшылыққа әкеледі. Ондай жағдайда бізде бұл тапшылықтың орнын толтыру үшін  сырттан белгілі бір пайыздармен қарыз алуға мәжбүр боламыз, не болмаса Ұлттық қордан қосымша тағы қаражат аламыз. Егер осы екі жолдың соңғысын таңдайтын болсақ, ондай жағдайдың арты қордың түбі көрініп қалуға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.   

 Одан кейін әлемдік сарапшылардың айтуынша, АҚШ Федералды резерв жүйесі экономиканы рецессияға дайындықты бастады. Мұның Қазақстандық  экономикаға әсері қандай болуы мүмкін?,-дегенге келер болсақ,  біріншіден шамалы күн бұрын АҚШ Федералды резерв жүйесі базалық мөлшерлемені бұған дейінгі 4.75 пайыздан 5 пайызға көтерді. Бұл бұрын-соңды болмаған жоғары мөлшердегі өсу. Дәл осы  жерде айта кететін бірнәрсе, АҚШ-тың осы әрекеті әлемдегі мұнай бағасының бірден 10 долларға дейін арзандап кетуіне бірден-бір әсер етті. Бұл нені көрсетеді? Яғни, АҚШ өндіріс көлемін азайту арқылы әлемдік қаржыға салқындығын тигізіп отыр деген сөз. Оның ішінде бюджетіміз қара алтынмен тікелей байланысты біздің ел де бар. Осы жерде кейбір сарапшылар Қытайдағы іскерлік  белсенділік әлемдік нарықтағы мұнай бағасын 70 доллардан төмен түсірмей ұстап тұра алады деген болжам айтып жатыр. Иә, біз білеміз Қытай мемлекеті пандемия кезінде тоқтап қалған біраз өндірісін соңғы уақытта қарқынды дамытуға кірісті. Сәйкесінше, бұл елдің  іскерлік белсенділігі артып келеді. Осы қарқынмен кете беретін болса ол елдегі түрлі шиткізатқа деген сұраныстың артуы (оның ішінде мұнай да) бар қара алтын бағасының сарапшылар айтқандай 70 доллар көлемінде тұрақтап қалуына әсер етуі мүмкін. Бірақ, бұл әзірге болжам ғана екенін естен шығармауымыз керек.

Дегенмен, Brent маркасының бағасының арзандауы ОПЭК-ке  мүше елдерді сондай бір қатты алаңдата қойған жоқ. Олар мұнай өңдеу көлемдерін әзірге сол күйінде сақтайтындығын айтуда. Бірақ, алдағы күндерде де қара алтын бағасының түсуі жалғаса беретін болса, аталған ұйым да алдағы  жиналыстарында өндіріс көлемін қысқарту мәселесін көтеретін шығар.

Бір қызығы АҚШ өткен жылы осы 4.75 пайыздық мөлшерлемі бекіткен тұста, «біздер аталған мөлшерлеменің   шегіне жетіп қалдық.  Бұдан былай жеңілдетілген несие саясатына қарай назар аударатын боламыз. Сол себепті аталған мөлшерді алдағы уақытта біртіндеп төмендету жағын қарастырамыз»,- деген болатын. Осы мәлімдемеден кейін біздің Ұлттық банкте сондай қадам жасады. Яғни,  алдыңғы бекітілген 16.75 пайызды өзгеріссіз қалдырды.  Енді келіп, АҚШ алдағы уақытта тағы да өсіруіміз мүмкін деген әңгіме айтып отыр. Бұл да болса біздегі ақша несие жүйесіне біршама салмақ түсіруі мүмкінНақтырақ айтсам, біздің Ұлттық банктің де амалсыз базалық мөлшерлемені 17 пайыз немесе одан да біршама жоғары өсіруі мүмкін деген болжамға негіз болады.  Оның салдары елдегі іскерлік белсенділікті төмендетеді. Сонымен қатар бизнес үшін несиенің қымбаттауына алып келеді. Нәтижесінде, экономикалық өсімді тежейді де, оның  арты көптеген ірі компаниялардағы жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соқтырады.

АҚШ-тың рецессияға дайындалып жатқандығы туралы айтар болсам, бұл туралы жыл басында-ақ Халықаралық валюта қоры мамандары өз болжамдарын айтқан болатын. Міне соның алғашқы сценарийлері көріне бастады. Мәселен, АҚШ пен еуропадағы бірқатар ірі банктердің банкротқа ұшырай бастауы әлемдік рецессияның алғашқы белгілері деп қабылдау керек.