Таратылатын 9 банктің елдің қаржы нарығына әсері төмен

AlmaU университеті, Жоғары Менеджмент мектебі оқытушысы

Еліміздегі екінші деңгейлі 9 банктің таратылытынын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Агенттік лицензиялары кері қайтарып алынған банктерді тарату өндірісінің  тәртібі, процесі туралы мәлімет таратты. Таратылу алдында тұрған қаржы ұйымдары қатарында, Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, Asia Credit Bank және Capital Bank Kazakhstan бар. 

Бұл банктердің ликвидациясының қазіргі жағдайға әсері төмен. Себебі, ликвидация тізімінідегі 9 банк 2006 және 2021 жылдар аралығында лицензиялары тартып алынған. Сонымен қатар, тізімдегі ешбір банк таяу арада қызмет көрсетпеген. Яғни, нақты қызметі тоқтап қалған банктер. Белгілі бір деңгейде бұл ликвидациясының әсеріне келсек, онда мемлекет нарықта тиімсіз қызмет еткен банктерден құтылды деп айтуға болады. Ал, қалған банктер керісінше жақсы нәтижелер көрсетуде.

ҚР заңнамасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  Қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану құқығы қарасырылмаған деп жатыр. Осы олрайда  агенттіктің бұл әрекеті қаншалықты заңды?,-дегенге келер болсақ бұл жерде мынаны айтар едім:  қаржылық бақылау агенттігі тәуекелі жоғары, тұтынушылар мен нарыққа пайдасынан гөрі зияны көп тиетін қаржылық ұйымдарды анықтау функциясына ие қаржылық институт екенін ескерген жөн.

Әрі, бұрын екінші деңгейлі банктерді бақылау мен реттеу Ұлттық банктің қызметінде еді. Алайда, қазір Ұлттық банк бұл реттеуші функцияларды, яғни лицензия беру секілді шараларға жауапкершілікті, осы агенттікке өткізген. Сәйкесінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметі сол мемлекеттік бас қаржылық институтының аясында болған соң, оның әрекеттерінің барлығы заң аясында жасалынбаса, онда оның осы уақытқа дейінгі банктерге қатысты қабылдаған шешімдерін жоққа шығарумен тең болады. Меніңше, біз ол шешімдерді жоққа шығара алмаймыз, себебі олардың барлығы заң аясында болып жатыр. Тек кейбір түсініксіз әрекеттер осы ұйымдар тарапынан халыққа ашық әрі түсінікті тілде айтылуы қажет.

Қазір бізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 9-ы таратылатын болса, оның қалған отандық қаржы ұйымдарына әсері туралы даа йта кеткен жөн. Әлбетте, белгілі бір деңгейде нарықта ойыншылардың азаюы, ондағы бәсекелестіктің төмендеуіне әсер етеді деп теориялық тұрғыда қарастыруға болады. Дегенмен, ликвидацияланған банктер әлдеқашан нарықта төмен табысты немесе өз функциясын толық атқара алмаған қаржылық ұйымдар екендігін ескерсек, онда бұл қалған банктердің жұмысына ерекше әсер етеді деп айта алмаймыз. Керісінше, тиімсіз қызмет атқаратын қаржылық ұйымдардың ликвидациялануы нарықта қалған ойыншыларға тиімдірек жұмыс істеуді ескерту ретінде қарастыруға да болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметтерінің бірі осы қаржы нарығының барлығына тең әрі қолжетімді болуын және тұтынушылардың құқығы қорғалуын қамтамасыз ету. Осы функцияның принциптеріне жүгіне отыра, нарықта өз қызметін кемінде екі жыл бұрын тоқтатқан банктерді жабуды заңды құбылыс деп бағалаймын.

Осы орайда өзара бәсекелестік азайған соң өзге банктер тарапынан тұтынушылар үшін қолайсыз жағдайларға баруы мүмкін бе деген сауал туындайтыны рас. Бұл жерде менің ойымша, банктер тұтынушылар үшін ешқандай да шектен шығарлықтай әрекеттерге бара қоймайды. Себебі, тіпті тұтынушылардың бұрынғы банктерде салымдары бар болса, оның барлығы нарықта бар қалған банктерге өтеді. Яғни, тұтынушылар тек банк ауыстырады. Жалпы, көпшілік үшін шектен шығатындай күн тумайды. Депозитте сақталған 5 миллион теңгеге дейінгі салым қорғалатынын ескеру қажет.