Түркия билігі бірінші кезекте туризм саласын қалпына келтіруге барынша мүдделі болады

Соңғы табиғи апаттан кейін елдегі туризм саласы қалай дамымақ?
экономист

Әлемде туризмі айтарлықтай дамыған елдердің бірі Түркия. Десе де бүкіл әлем назарын аударған соңғы табиғи апаттан соң елдегі туризм саласы қалай дамымақ?  Орын алған жағдай елдегі аталған саланың дамуына қаншалықты әсер етпек? 

Туризм саласы Түркия экономикасына жыл сайын 35-40 млрд АҚШ долларын алып келетін ең маңызды салалардың бірі. Туристер саны бойынша Түркия әлемдегі 6-7 орында тұрған ел. 2022 жылы Түркия 45 млн-ға жуық турист қабылдаған, ең көп турист Германия, Ресей және Ұлыбританиядан.

 Туристтердің негізгі бөлігі Стамбул мен Анталья қалаларына барса да, ақпан айының басында орын алған жер сілкінісі, әрине, туризм саласына кері әсерін тигізетін болады. Жер сілкінісі Түркияның туристтік емес аймағында орын алса да, ол 16-20 млн-ға жуық адамды қамтитын аймаққа зиянын алып келді және олардың қатарында Каппадокия, Антакья, Искендерун секілді тарихи орындар бар.

  Қазіргі таңда  Ресей, Қазақстан және Еуропа елдері туристері Түркияға сапарын кейінге қалдыруда. Жер сілкінісі секілді табиғи апаттан бөлек туризм саласына Түркиядағы экономикалық және саяси жағдай да қатты әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2023 жылдың мамыр айында елде президенттік сайлау өтеді. Сонымен қатар бұл елде соңғы 3-4 жылдан бері қаржылық дағдарыс орын алып жатыр. Оның үстіне, Түркия үшін туризм саласына екінші маңызды ел саналатын Ресей азаматтарының саяхаттау мен сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендеді. Оның себебін бәріміз білеміз. Сонымен қатар Анадолы еліне ең көп саяхаттаушы елдер қатарында болған Украинада соғыс әлі күнге дейін тоқтар емес. Мұның барлығы бүгінгі таңда аталған елге келетін туристтер ағымына кері әсер етуші факторлар болып табылады. .

  Алайда, жазға қарай турист саны қайтадан жыл сайынғы қалыпқа оралып, жыл соңында турист саны ±40 млн адамды құрауы мүмкін. Олай деуге себеп ретінде Түркияда 1999 жылғы жер сілкінісі, 2003 жылғы дағдарыс, 2016 жылғы ішкі саяси тұрақсыздық болған жылдардан соң да елдегі  туризм саласы тез қалыпқа келіп отырғанын білеміз. Меніңше осы жолғы табиғи апаттың салдарын жою үшін де қыруар қаражат керек. Ол үшін ішкі табысының бірден-бір көзі туризм саласы болып табылатын Түркия билігі алғашқы кезекте осы саланы қалпына келтіруге барынша мүдделі болады деп санаймын.