Жаңаөзендік жұмысшылардың талабы орынды

Energy monitor қоғамдық қорының жетекшісі

 Бір жыл өтпестен қайта тендер өткізген «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның әрекеті қисынсыз

 10 сәуірде Маңғыстау облысынан 80-нен астам жұмысшы өздеріне мұнай компаниясынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп Астанаға келді. Бұл азаматтар бұған дейін «Өзенмұнайгаз» компаниясына қызмет көрсетіп келген «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының жұмысшылары болған. Олар жақында  «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде өздері жұмыс істеп келген компания жеңіліп қалған соң жұмыстан қысқарып қалған.  

Мәселеге қатысты біріншіден мынаны айтар едім. Жыл сайын Жаңаөзенде  «ҚазМұнайГаз» ұлттық  компаниясының еншілес кәсіпорны  «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған  арнайы тендерлер өткізіліп тұрады.  Өткен жылы тамыз айында осы қызмет түрлерін көрсету үшін тендерді «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС  ұтып алған. Аталған компания тапсырыс берушіден 1,3 миллиард теңгенің жұмысын алған. Келісім-шартқа сәйкес тапсырылған жұмыс 2022 жылдың аяғында бітуі тиіс болатын. Бірақ, жұмыс осы жылдың наурыз айына дейін созылған. Сәйкесінше өткен айға дейін жұмысшылар ол жерде жұмыс істеп келді. Енді жақында арада бір жыл да өтпестен  «Өзенмұнайгаз» АҚ тағы да тендерлік конкурс жариялаған. Биылғы тендерде осы күнге дейін қызмет көрсетіп келген «БерӘлі Маңғыстау Company»-сы ұтылып қалған. Осы кезде компания басшылығы амалсыз өз қызметкерлері мен жұмысшыларының санын қысқартатындығы мен біразын тіпті жұмыстан босату туралы хабарлама бере бастаған. Жұмысшылардың наразылығы да  осы кезде басталған. Олардың алғашқы талабы өздерін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өзіне тұрақты жұмысқа қабылдауын талап еткен. Себебі, «жыл сайын бір компаниядан екінші компанияға ауыса береміз. Нәтижесінде тұрақты еңбек демалысымыз бен сыйақыларымыз да жоқ. Сол себепті мұндай уақытша жұмыс орындарынан шаршадық»,- деген уәж айтқан. Бұл жерде жұмысшылардың талабы орынды. Бір жыл өтпей жатып сол жұмысқа қайта тендер жариялап отырған «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның әрекеті қисынсыз. Наразы топ алдымен сол жердегі «Өзенмұнайгаз»-дың басшылығына барған.  Олар өз тараптарынан «БерӘлі Маңғыстау Company»-ның барлық жұмысшыларына соңғы тендерді ұтып алған  «КЕЗБИ»  ЖШС-не  жұмысқа ауысуларын ұсынған. Бұл жауапқа қанағаттанбаған наразы топ өздеріңіз естіп біліп отырғандай Астанаға барды.

 Осы жерде бір айта кететін факт дәл осындай жағдай былтыр да орын алған еді. Бір қызығы кеше елордаға келген жігіттердің арасында сол былтырғы жігіттер де жүр. Олар сол кезде тендерге ие болған  КЕЗБИ компаниясында жұмыс істеп жүрген. Былтырғы ереуілдің нәтижесінде наразы топ аталған КЕЗБИ компаниясына ҚМГ-ден қосымша жұмысқа тапсырыс бергізген. Сонымен қатар жалақыларын да 20 пайызға көтертуге қол жеткізді. Меніңше осы жолғы да наразылық білдірушілер өздері кешеге дейін жұмыс істеген «БерӘлі Маңғыстау Company»-ның сойылын соғып келіп тұрған сияқты.

Қазіргі таңда наразылық тарады. «ҚазМұнайГаз» башыларымен келіссөз жүргізу үшін араларынан он азамат Астанада қалып, қалғандары Маңғыстауға қайтты. Осы жерде бірнәрсені айта кетейін, орын алған жағдайға Энергетика министрлігінің ешқандай қатысы жоқ. Мәселе «ҚазМұнайгаздың» төңірегінде шешіледі.  Енді келіссөздің нәтижесі қалай болады екен?,-дегенге келер болсақ; Меніңше дәл былтырғыдай келісім болады.  ҚМГ «БерӘлі Маңғыстау Company»-ға қосымша тапсырысбереді.Нәтижесінде жігіттер бұрынғы жұмыс орнында жұмыстарын жалғастырады. Бірақ, оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Басқаша шешілуі мүмкін емес деп санаймын.

 Одан кейінгі мәселе, осы  жұмысшыларды жыл сайын тендер алған аутсорсинг компанияға тәуелді етіп телміртпей тұрақты түрде ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуға болмай ма? Бұл жерде нарық пен заңның талабы солай екенін ескеруіміз керек. Мұны шешудің бірден-бір жолы тендерлердің мерзімін бір жыл деген талапты өзгерту керек. Меніңше кемінде үш жыл болуы тиіс. Сол кезде бүгінгі наразаылққа шыққан азаматтар сұрап тұрған жыл сайынғы еңбек демалысы, бір реттік материалдық көмек алуы, сыйақы беріліп тұруы деген сияқты талаптарын орындауға тендерді ұтып алған компанияның да мүмкіндіктері болады. Тағы бір мәселе демпингті алып тастау керек.

Жалпы, «Самұрық қазынаның» тендерлер өткізу туралы ережелеріне біраз өзгерістер енгізу керек деп санаймын. Мысалы, қазіргі жағдайда демпинг 20 пайызға шейін деп көрсетілген. Бірақ, тендер кезінде барынша төменгі баға ұсыну деген бар. Үлкен қаржысы бар компаниялар тендерге қатысқан кезде осындай төмен бағалар ұсыну арқылы жеңіп кетіп жатады. Менің пікірімше осы үлкен көлемдегі күрделі жұмыстар үшін төмен баға ұсына беру еркіндігі деген қажет емес. Екіншіден, ашық тендер болған жағдайда бағадан ауытқу межесі 10 пайыздан аспауы керек деп санаймын.

 Сөз соңында айтарым жоғарыда мәселелер тіиіст орындардың араласуымен толыққанды шешілмейінше былтырғы және биылғы жағдай жыл сайын қайталана беруі бек мүмкін.