name
Сұхбат

Жалғызілікті банктердің дәуірі өтіп барады. Бәсекеге экожүйелер ғана төтеп бере алады

Айдос Жұмағұлов

Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі
15 маусым 2026

Бірнеше жыл ішінде Freedom Bank депозиттік портфелі 126 млн долларды құрайтын шағын қаржы институтынан депозиттік портфелі 3,2 млрд доллардан асатын ірі ұйымға айналды. Бүгінде бұл жай ғана банк емес, азық-түлік жеткізу, билеттер сатып алу, мемлекеттік қызметтер, инвестициялар және басқа да сервистердің басын біріктірген ауқымды экожүйенің өзегі. Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов «Курсив» басылымына берген сұхбатында компанияның қазақстандық финтех-шешімдерді Еуропа мен АҚШ нарықтарына қалай экспорттауды жоспарлап отырғаны әрі классикалық банктер дәуірінің неліктен артта қалғаны туралы айтып берді.

Question icon

Freedom Bank — холдингтің орталық компанияларының бірі. Бүгінде банк экожүйе ішінде қандай рөл атқарады: өзек пе, платформа ма, әлде тартылыс нүктелерінің бірі ме?

Мұндай бәрі бірге десе болады. Банк, ең алдымен, инфрақұрылым құрушы, платформаның сәулетшісі. Мысалы, IT-инфрақұрылым бар, оған серверлер, желілер, байланыс арналары, АБЖ (автоматтандырылған банк жүйесі) кіреді. Сонымен қатар клиенттік инфрақұрылым да бар, онда миллиондаған пайдаланушыны бір платформаға бірігеді. Біз холдингтің барлық компаниялары клиенттермен тікелей байланыс орната алуы үшін рельстер салып жатырмыз. Банк бүкіл экожүйенің тартылыс күшін жасау үшін жол салатын жүрдек локомотив ретінде әрекет етеді.

Question icon

Банктің 3–5 жылға арналған стратегиясын қалай тұжырымдайсыз, қазіргі уақытта басты басымдықтар қандай?

Біздің стратегиямыз екі бөлікке бөлінеді: Қазақстандағы даму және шетелдік экспансия. Ел ішінде біз SuperApp жасадық. Онда холдингтің барлық компаниялары орналасқан. Қазір бізде 6 миллионға жуық клиент бар. Биылғы мақсат — 8 миллион, келесі жылы — 12 миллион. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл — Қазақстанның бүкіл экономикалық белсенді халқы. Біздің міндетіміз — барынша жоғары критикалық массаға қол жеткізу.

Экспансияға келетін болсақ, біздің басымдығымыз — технологиялар мен жинақталған сараптаманы экспорттау. Тәжікстанда қазірдің өзінде тәжірибеміз бар. Грузияға шығып жатырмыз. Еуропа мен Түркияға, Пәкістанға және басқа да бірқатар елдерге қатысты жоспарларымыз бар. Банк бизнесі мен технологияларын экспорттау — стратегиямыздың үлкен бөлігі. Біздің команда нарықта кездесе бермейтін бірегей сараптамаға ие, сондықтан оны жаһандық деңгейде ауқымдау байқап көру біз үшін өте маңызды.

Егер стратегия туралы айтатын болсақ, меніңше, қазіргі қаржы әлемінің басты проблемаларының бірі — көптеген модельдердің тұтынушылық төңірегінде ғана құрылуы. Біз бұл философияны ішінара өзгерткіміз келді. Клиент біздің Freedom-валютадағы кэшбэгімізді жай ғана бонус немесе балл ретінде емес, компания мен экожүйенің құнына байланысты құрал ретінде алған кезде, мүлдем басқаша қызығушылық моделі пайда болады. Адам өзін тек қызметті тұтынушы ғана емес, экожүйе өсімінің қатысушысы ретінде сезіне бастайды. Бұл ұзақ мерзімді ойлау жүйесін қалыптастырады: инвестицияға, жинақтауға деген қызығушылық, активтердің құнын түсіну, қаржылық белсенділік артады. Бұл көп жағдайда тек банктік модель емес, жаңа қаржылық мәдениетті қалыптастыру моделі.

Question icon

Экожүйе банкке қандай негізгі артықшылықтар береді? Бір сервистегі жағымсыз жағдай банкке соққы болып тиетін кері әсері бар ма?

Кері әсері, әрине, бар. Қаржы ұйымы мен басқа сервистер арасындағы шекаралар жойылып барады. Клиент бір бренд астында, бір есептік жазбамен өмір сүреді. Бұл — біртұтас цифрлық сенім платформасы, сондықтан азық-түлік жеткізуде немесе билет сатып алуда қиындықтар туындаса, негатив бүкіл платформаға таралады. Сондықтан біз сапаны үнемі арттырып отыруымыз керек. Холдингтің көптеген компаниялары үшін SuperApp-қа кіру — үлкен сын. Біз бірыңғай ақпараттық қауіпсіздік, бірыңғай стандарттар, бірыңғай клиенттік тәжірибе және басқа да жүйелілік талаптарына өте мұқият қараймыз.

Бірақ экожүйесіз нарықта ешқандай мүмкіндік жоқ. Жалғызілікті (standalone) банктердің уақыты өтіп барады. Мұны нарықтан өзіңіз де көріп отырсыз: кім не айтса да, экожүйесіз ақыр соңында сен белгілі бір нишадағы немесе бутиктік корпоративтік банк болып қаласың. Тартылыс күші тек платформада ғана жасалады. Бұрын біз жай ғана цифрлық банк едік. Клиент қосымшаға айына бір рет несие төлеу үшін кіретін, ал қалған 95% уақытын өзгенің экожүйелерінде өткізетін. SuperApp клиент бізбен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатуы үшін осындай тартылыс күшін жасады.

Біздің түпкілікті мақсатымыз — ұлттық ауқымдағы техно-индустриялық платформаға айналу. Клиент арзан ипотека іздеуден бастап, тегін дәрі-дәрмек алуға дейінгі кез келген мәселесін шеше алатын орын болу. Біз жұмысқа орналасу, зейнетақы және әлеуметтік төлемдермен, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен байланысты әлеуметтік өнімдер мен сервистерді дамытқымыз келеді. Жақында тартымды кэшбэктері бар әлеуметтік картаны іске қосамыз. Меніңше, зейнеткер немесе АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алушы тек банкоматтан ақша алуы керек деп ойлау — үлкен қателік. Біз лайықты әрі ыңғайлы өнім жасауға тырысамыз.

Қазақстанда барлық банктер коммерциялық. Зейнеткерлерге ненің және қай жерде тиімдірек екенін түсіндіру маңызды — мәселе тек осында. Коммуналдық қызметтерді жай ғана төлей салуға болады, немесе оларды төлей отырып, бір уақытта жеңілдіктер, кэшбэктер және басқа да артықшылықтарды алуға болады. Біз адамның өмірлік сценарийіне кіріккіміз келеді.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Сонда экожүйе клиентті тарту құнын төмендетуге мүмкіндік бере ме?

Иә, әр сервистің және өнімнің өз математикасы бар. Жалпы алғанда, адамдардың әдетін өзгерту өте қиын әрі қымбат. Клиентті жаңа, тіпті керемет қосымша үшін өзінің үйреншікті банкін ауыстыруға көндіру — күрделі міндет.

Бірақ егер клиент Arbuz-дан азық-түлік немесе Ticketon-нан билет сатып алуға келсе, ол мұны оңай жасайды. Клиенттерді қаржылық емес сервистер арқылы экожүйемен таныстыру ондаған есе арзанға түседі. Менің ойымша, уақыт өте келе банктік өнімдер мен сервистер мүлдем байқалмайтын болуы керек, олар тек белгілі бір операцияның циклін аяқтап отырса жеткілікті.

Question icon

Клиентті экожүйеге бауыр бастыру үшін қанша уақыт қажет?

Бәрі әртүрлі айтады. Біздің ойымызша, қабылдаудың қалыптасуы үшін кем дегенде бір жыл қажет. Бірақ әдет ұзақ уақыт бойы қалыптасады, егер сен клиент үшін құндылық жасамасаң, клиенттік базаңды өте тез жоғалтып аласың. Сондықтан біз зертханаларымызда үнемі қызықты шешімдер ойлап табуға тырысамыз. Біздің кэшбэктер — уақытша акция емес. Бұл — ұзақ мерзімді стратегия. Қазір біздің ниеттестік жүйемізге маржасымен бөлісуге дайын ірі серіктестер (Marvin, Meloman және т.б.) қосылып жатыр. Біз ұлттық ауқымдағы ниеттестік платформасын құрып жатырмыз. Клиент біздің кэшбэк пен серіктестің кэшбэгінің комбинациясынан әрдайым ұтады.

Question icon

Қазақстанда пайдаланушылардың ең жоғарғы шегіне жеткенде, ары қарай не болады? Назар ARPU және LTV көрсеткіштерін арттыруға аударыла ма?

Цифрландыру қарқынды өсуге мүмкіндік береді. 2025 жылы бізге 4 миллион жаңа клиент келді. Біз бүкіл белсенді нарықты қамтыған кезде, басты міндет — LTV, клиенттің өмірлік құнын арттыру болады.

Біз клиент қызметтерімізді барлық бағыт бойынша пайдаланғанын қалаймыз. Сол үшін Freedom Rating жүйесін құрып жатырмыз. Ол клиенттің экожүйеге деген лоялдылығын бағалайды. Осы рейтинг негізінде біз шектеулі жеңілдікті өнімдерді — мысалы, тұрғын үй-жинақ ипотекасын немесе мемлекеттік бағдарламаларды әділ бөлетін боламыз. Лояльді клиенттер, жалақы жобаларының қатысушылары оларға бірінші кезекте қол жеткізеді.

Question icon

Freedom қазақстандықтардың мінез-құлқын «несиеден» «инвестицияға» өзгерте алып жатыр ма?

Иә. Біз миллиондаған брокерлік шоттар аштық. Жүз мыңдаған адам Freedom-валютамызды ұстап отыр. Бұл — ондаған миллиард қаражат. Соңғы 20 жылда нарықта тұтынушылық мінез-құлық басым болды. Соңғы бір жылда біз бұл үлгіні бұза бастадық.

Қызықты кейсті айтайын: бастапқыда картада ақша жетпей қалған жағдайда Freedom-валюта автоматты түрде есептен шығарылатын. Бірақ клиенттер функцияны өшіру мүмкіндігін беруді өтінді. Олар ертең өсуі мүмкін Freedom-валютаны кездейсоқ жұмсағысы келмейді. Олар жинағысы келеді. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Экожүйе ішінде пайдаланушының назарын аудару үшін өзара бәсекелестік бар ма?

Бәсекелестік бар. Әр компанияның өз KPI көрсеткіштері бар, әрқайсысы басты бетте көрінгісі келеді. Бірақ біз басқа жолды таңдадық. Біз таңдауды клиенттің өзіне қалдырамыз. Пайдаланушы басты экранды конструктор сияқты өз қалауынша жинай алады.

Сонымен қатар біз гиперперсонализация бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қызметтерді тек лайфстайл-сервистеріміздің ішкі KPI-ы үшін ғана ұсынбауымыз керек. Біз клиенттің профилін талдап, оған нақты не қажет екенін ұсынамыз: біреуге азық-түлік, біреуге билеттер, ал енді бір адамға автосақтандыру қажет болуы мүмкін.

Question icon

Ал сыртқы серіктестерді қандай ережелер бойынша қосасыздар?

Басты критерий — экожүйе мен клиент үшін құндылықтың болуы. Қосымшаны күн сайын 10 мыңға жуық адам органикалық түрде жүктеп алады. Трафик бізде жеткілікті. Егер сыртқы сервис (мысалы, гүл жеткізу қызметі) клиенттің маңызды бір мәселесін шешіп берсе және техникалық тұрғыдан интеграцияға дайын болса, біз қуана серіктес боламыз.

Question icon

Банк NASDAQ биржасында листингі бар жария компанияның бөлігі. Бұл икемділікке кедергі келтірмей ме? Реттеушілердің кесірінен қызықты өнімдер іске қосылмай қалған жағдайлар болды ма?

Біз Қазақстаннан шыққан, NASDAQ биржасында листингтен өткен алғашқы компаниямыз. Бұл инвесторлардың зор сенімін тудырады. Бірақ бұл — өте қатаң реттеу деген сөз. Бізді жергілікті және халықаралық аудиторлар мен реттеушілер (Еуропа мен АҚШ-тағы) үнемі тексеріп тұрады.

Жария емес ойыншыларға қарағанда бізге өнімдерді іске қосу әлдеқайда қиын. Біз әрбір қадамымызды верификациялауға міндеттіміз. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада жария компаниялар әрдайым ұтады. Сен ашықсың, ақпараттық шабуылдармен күресу және капитал тарту сен үшін жеңілірек болады.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

2025 жылдың басында бағалы қағаздарды қайта бағалауға байланысты банкте шығын болған еді, ал қазір пайда тауып отыр. Бұл бетбұрыс қаншалықты тұрақты?

Бірінші тоқсандағы шығын — бухгалтерлік есептің және активтің өзіне тән ерекшелігі. Мұның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп өтейін. Банкте мемлекеттік бағалы қағаздар (МБК) бар. Олардың бір бөлігі — сауда портфелі. Оның бағасы базалық мөлшерлеменің өсуіне немесе төмендеуіне байланысты. Егер мөлшерлеме жоғарыласа, қағаздардың бағасы түседі. Бұл — таза бухгалтерлік, «қағаз жүзіндегі» қайта бағалау.

Бұл нақты операциялық шығын емес. Шығын тек қағаздарды сатқан кезде ғана тіркеледі. Ал біз оларды сатуды жоспарлап отырған жоқпыз. Біз базалық мөлшерлеме ерте ме, кеш пе төмендейтінін түсінеміз, сол кезде осы қағаздар оң қайта бағалауды көрсетеді. Өткен қаржы жылын біз пайдамен жаптық. Біздің бизнес-моделіміз әрдайым табысты болды. Freedom Bank-ке қазірдің өзінде алты жыл толды, осы уақыт ішінде біздің капиталымыз 45 миллион доллардан 532 миллион долларға дейін өсті. Біздің акционер соңғы бес жылда банкті 100 миллиард теңгеден астам сомаға капиталдандырған нарықтағы жалғыз адам шығар, ал басқа банктердің көбі өз акционерлеріне дивиденд төлеумен ғана айналысады.

Біздің философиямыз басқа: акционер барлық пайданы дивиденд ретінде алып кетпей, оның бір бөлігімен бөлісіп, банктің өсуіне инвестиция салуды жөн көрді.

Question icon

Freedom Bank нарықтағы NPL (проблемалық несиелер) деңгейі ең төмен банктердің бірі болып отыр. Мұның сыры неде?

Оның сыры — адамдарда, диверсификацияда және технологияда. Корпоративтік портфель жақында өткен AQR (активтер сапасын бағалау) аудиті аясында тамаша нәтижелер көрсетті. Бөлшек саудада біз чегі төмен және сапасы жоғары кепілді несиелеуге (ипотека, «7-20-25» бағдарламасы) баса назар аударамыз.

Басты сырдың бірі — автоматтандыру. Бізде несиелік комитеттер мен адами фактор атымен жоқ. Шешімдерді жинақталған математикалық ML-модельдер қабылдайды. Олар клиенттің мінез-құлқын объективті түрде бағалайды. Бірнеше жыл ішінде бізге 6,5 миллион клиенттен 129 млрд долларға өтінім түсті. Ал біз тек 5 млрд долларға несие бердік. Біз жай ғана ең үздік әрі сенімді клиенттерді таңдап алдық.

Question icon

Нарықта алғаш депозит бойынша 20%-дық мөлшерлеме ұсынған банк сіздер болдыңыздар. Мұндай шарттарды ұсыну қиынға соқпады ма?

2021 жылдың басында банкті сатып алған кезімізде депозиттік портфель бар-жоғы 126 млн долларды құрайтын. Ол кезде базалық мөлшерлеме 9% шамасында еді. Қазір біздің портфель 3,2 млрд доллардан (1,5 трлн теңге) асып жығылады.

20%-бен депозит ұсыну базалық мөлшерлеме 18% болғандықтан мүмкін болды. Егер базалық мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендесе, депозиттер де 16% болады. Біз нарықпен бірге қозғаламыз. Біздің соңғы 5 жылдағы өсіміміз ешқашан уақытша мөлшерлемелердің көтерілуіне немесе маркетингтік акцияларға тәуелді болған емес.

Question icon

Екінші деңгейлі тұрғын үй нарығында тұрғын үй-жинақ ипотекасы (5–10%-бен) іске қосыла ма?

Қазір біз мұны BI Group компаниясымен бірге бастапқы тұрғын үй нарығында жасап жатырмыз. Біз бұл бағдарлама үшін мемлекеттік субсидия алмаймыз, банктің қалтасында тегін ақша жоқ. Арзан ипотека тек құрылыс салушымен жасалған синергия мен компромистердің арқасында ғана мүмкін болып отыр. Қазір біз басқа да құрылыс компанияларын қосып жатырмыз.

Мұны екінші нарықта жасау қиынның қиыны. Ол жерде сатушы — жеке тұлға. Арзан қорландыру көздерінсіз немесе сатушы да, сатып алушы да өзара жол беруге дайын болатын арнайы механизмсіз қайталама нарықта мұндай мөлшерлемені қамтамасыз ету мүмкін емес.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Сіз жай ғана банк қызметтерін емес, технология экспорты туралы айтып отырсыз. Егер Қазақстан, Түркия, Грузия, Пәкістан және болашақта Еуропаны салыстыратын болсақ, Freedom SuperApp қосымшасының қандай элементтерін ешбір өзгеріссіз көшіруге болады, ал нені жергілікті тұтынушылардың әдеттері мен реттеушілердің талаптарына толық бейімдеуге тура келеді?

Негізінде, бұл банк қызметтерінің экспорты емес, технологиялардың, сараптаманың және дайын цифрлық модельдің экспорты. Егер Қазақстанға көз жүгіртсек, біздің жетістігіміз бірнеше компоненттен құралды: цифрлық платформа мен меншікті технологиялар, мемлекеттік сервистермен интеграция және, әрине, банк, брокер, сақтандыру, lifestyle-сервистер, төлемдер мен холдингтің басқа да компанияларын біріктіретін экожүйе. Осы компоненттердің ішінде платформа негізгі шешім ретінде ешқандай қиындықсыз экспортталады. Мобильді қосымшаларымыз, скорингтік модельдеріміз, цифрлық онбординг (клиенттерді қабылдау жүйесі), AI-комплаенс, төлем инфрақұрылымы, ниеттестік жүйесі және SuperApp механикасы кез келген елде дерлік орналастырылуы мүмкін. Ал мемлекеттік сервистермен өзара іс-қимылды және жергілікті реттеуді бейімдеуге тура келеді. Түркияда, Грузияда, Еуропада немесе Пәкістанда мүлдем басқаша интеграциялар құру қажет болады. Бұл электрондық қолтаңбаларға, KYC (клиентті сәйкестендіру және верификациялау процедурасы), AML-процедураларына (ақшаны жылыстатуды анықтау және алдын алу), несиелік бюролармен және жылжымайтын мүлік тізілімдерімен жұмыс істеуге де қатысты. Яғни, технология сол күйінде қалады, ал интеграциялық қабат жергілікті деңгейде жасалады.

Question icon

Қазақстанда SuperApp көбіне мемлекеттік сервистермен интеграцияға, цифрлық ипотекаға және дамыған цифрлық сәйкестендіруге сүйенеді. Түркия, Грузия немесе Еуропа нарықтары үшін SuperApp-тың «экспорттық» нұсқасын қалай елестетесіз - оның өзегін қандай сервистер құрайды және қазақстандық модельді шетелде қаншалықты тез қайталауға болады?

Егер SuperApp-тың экспорттық нұсқасы туралы айтатын болсақ, оның өзегі әр нарыққа сәйкес бейімделеді. Қазақстанда төлемдер, мемлекеттік сервистер, цифрлық ипотека, цифрлық автонесиелеу, карта өнімдері, ниеттестік жүйесі және экожүйенің тартылыс күші өзегіне айналған. Әрбір жаңа елде - Түркия, Грузия немесе Еуропа нарықтары болсын - іске қосу барлық жерде сұранысқа ие сервистерден басталады. Оның қатарында күнделікті төлемдер, карта өнімдері, адалдық жүйесі, халықаралық аударымдар, несие карталары бар. Келесі қадамда инвестициялар, сақтандыру, travel-сервистер және басқа да lifestyle-өнімдер, сондай-ақ жергілікті шешімдер қосылады.

Мысалы, Грузия біздің ниеттестік жүйемізге үлкен қызығушылық танытты. Онда біз Freedom-валютасын іске қосуға басымдық бердік. Еуропада реттеушілер необанктер моделіне оң көзбен қарайды, сондықтан біз әр елде паспортизациялау арқылы карта өнімдерін масштабтайтын боламыз. Пәкістанда сәйкестендірілмеген әмияндар мен төлемдерден сәйкестендірілген қаржылық өнімдерге көшудің елеулі әлеуетін көріп отырмыз. Мұнда біздің процестер жүздеген миллион клиентті қамти алады. Нарықтарда бекінген сайын, цифрлық ипотеканы және әр нарықты толықтыратын басқа да өнімдерді кезең-кезеңімен енгізетін боламыз.

Қазақстандық модельді толық көшіруді жоспарлап отырған жоқпыз, әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Бірақ цифрлық банкті тез арада іске қосуға қауқарлымыз: бұл үшін бізде бәрі бар - холдингтің командасы, сараптамасы, технологиялары мен ресурстары.

Question icon

Freedom Түркия мен Еуропада ненің есебінен бәсекеге түсуді көздеп отыр: бағамен бе, технологиямен бе, әлде Қазақстанда құрылған бірегей экожүйемен бе?

Түркия мен Еуропадағы бәсекелестікке келетін болсақ, біз тек баға есебінен ұтуды көздемейміз. Бұл елдердің банктік нарықтарында бәсекелестік өте жоғары. Біздің артықшылығымыз - технологиялар мен экожүйенің үйлесімі. Біз бір қосымшада банктік қызметтерді, инвестицияларды, сақтандыруды, төлемдерді және күнделікті сервистерді біріктіре алатынымызды Қазақстанда дәлелдедік. Ойыншылардың көпшілігі осы бағыттардың тек біреуінде ғана мықты. Біздің міндетіміз - клиентке негізгі қаржылық қажеттіліктер бір қосымшада өтелетін бірыңғай цифрлық ортаны ұсыну. Сондықтан біздің негізгі экспорттық өніміміз банк емес. Бұл - әр елдің ерекшелігіне қарай заманауи қаржылық сервисті тез арада құруға мүмкіндік беретін цифрлық экожүйе мен технологиялар.

Question icon

Банк секторының болашағын қалай елестетесіз?

Бізді консолидация күтіп тұр. Нарық экожүйелер мен жалғыз жүрген банктерге бөлінеді. Платформалар өзара бәсекелесіп, бүкіл клиенттердің 80%-ын өздеріне қаратып алады. Қалған 20%-ы экожүйесі жоқ, нақты бір тар аядағы нишалық банктерге бұйырады. Ұлттық ауқымдағы нөмірі бірінші немесе екінші ойыншы болу үшін платформа қажет.

Question icon

Банк болашақта қандай революциялық сервистерді дайындап жатыр?

Біз бас директор Тимур Турловтың дауысын (орыс және қазақ тілдерінде) цифрландырып, Freedom Business аясында 140 операцияны орындау үшін жасанды интеллектіні оқыттық. Енді жалақы аударуды, салық төлеуді немесе шот ұсынуды жай ғана дауыстық хабарламамен жасауға болады. Әлемде мұндай кейстер саусақпен санарлық, ал Қазақстанда біз біріншіміз. Жасанды интеллект үлкейіп кеткен суперапптардың ішінде клиенттің іс-әрекеттерін үйлестіріп отыратын басты көмекшіге айналады.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Freedom Bank командасының бәсекелестік артықшылығы неде?

Адамдар мен ішкі мәдениеттің бірегей үйлесімінде. Топ-менеджмент классикалық банкингте істеген жылдарының санына қарай емес, дағдылары мен нарықты өзгертуге деген дайындығына қарай жиналған. Бізде банктік IT-архитекторлар да бар, сонымен бірге таза маркетингтен, финтехтен немесе мемлекеттік сектордан келген адамдар да бар.

Бірақ ең бастысы — акционер қалыптастырған мәдениет. Ол қорқынышқа емес, сенімге негізделген. Адамдар бір-біріне сенген кезде, ішкі интригалар мен ресурстар үшін күрес жойылады. Нәтижеге бағытталған өзара «химия» пайда болады.

Question icon

Күшті мамандарды басқа компанияларға кетіп қалмауы үшін қалай ұстап тұрасыздар?

Мен ешкімді мәжбүрлеп ұстамаймын. Топ-менеджерлердің ешқайсысы маған келіп: «Маған екі есе көп жалақы ұсынды, маған да солай төле, әйтпесе кетемін» деп айла-шарғы жасамайды.

Оларға басқа компаниялардан жұмысқа қатысты үнемі ұсыныстар түсіп тұрады. Бірақ көптеген қызметкерлер үшін Freedom кеткің келмейтін орынға айналды. Ал кеткендердің өзі жиі қайта оралып жатады. Біздегі өзара сенім мәдениеті мен жасампаздық еркіндігінде жұмыс істеп көргеннен кейін, классикалық корпорациялардың қатаң шеңберінде қызмет ету өте қиын. Біз адамдарға бизнесті нөлден бастап құруға және оның нәтижелерін мақтан тұтуға мүмкіндік береміз. Бұл кәсіби мамандарға қанат бітіреді.

Question icon

Басшы ретінде жұмысыңыздың табыстылығын қалай бағалайсыз?

Менің басты KPI көрсеткішім — команда ішіндегі сенімнің артуы. Егер сенім артса, демек, біз бәрін дұрыс жасап жатырмыз. Ал қаржылық көрсеткіштер мен клиенттер санының өсуі әрдайым оған сай келеді. Егер цифрлар өсіп, ал сенім деңгейі төмендесе, мен шынымен уайымдай бастар едім.

Белгісіздік жағдайындағы басты принципім — кәсіби мамандарға сену. Егер мен қандай да бір тақырыпқа терең бойламаған болсам, команданы тыңдаймын. Әйтпесе, ең үздіктерді жұмысқа алудың не мәні бар?

Question icon

Мұндай жоғары жұмыс қарқынында қалай қалпыңызға келесіз?

Ең бастысы — ұйқы және режим. Ал миды демалдыру үшін мен ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Кеш бастадым, 42 жаста қиынға соғады, ми бұрынғыдай икемді емес. Бірақ бір жарым жылдан кейін мен халықаралық кездесулерді сенімді түрде өткізе алатын деңгейге жеттім. Жастарға кеңесім: тілдерді 20 жасқа дейін үйреніңіздер, өзіңізді аямаңыздар.

Егер мен қаржы саласына келмегенімде, бәлкім, әскери адам немесе тергеуші болар ма едім. Логика мен дедукцияны жақсы көремін. Бірақ өмірдің осылай қалыптасқанына қуаныштымын.

Question icon

Бүгінде Freedom Bank-тің артында кімдер тұр? Банк командасы қалай жасақталған — олар қандай мамандар, олардың бэкграунды мен сараптамасы қандай? Сіздің ойыңызша, командаңыздың нарықтағы басты бәсекелестік артықшылығы неде?

Негізгі (core) команда бар. Бұл — Гүлфайруз Ахметова, ол WD-дан (Welcome Desk, ресепшн) жоғары буын жетекшісіне дейінгі жолды жүріп өтті. Біздің CTO (техникалық директор) Данияр Тәжеденов — іс жүзінде банктің бүкіл инфрақұрылымының, соның ішінде SuperApp-тың сәулетшісі. Заң блогын Сәуле Алмат жүргізеді — онсыз біз көптеген идеяларымызды дұрыс рәсімдеп, ауқымдай алмас едік.

Сондай-ақ, нарықтан келген және бұрын-соңды банкте жұмыс істемеген қызметкерлер бізді қатты күшейтті. Мысалы, Вячеслав Ким карьерасын маркетингте құрған. Айнұр Темірханқызы әрдайым финтехте жұмыс істеді. Олар бұрын классикалық банктің қалай жұмыс істейтінін түсінбейтін, бірақ дәл осындай талантты адамдар ақыр соңында нарық үшін жаңа стандарттарды қалыптастыра бастады.

Ольга Дрычкова командасымен бірге нарықтағы ең күрделі әрі сонымен бірге ең қуатты карта өнімдерінің бірін жасап шығарды. Юлия Ким процессингке жауапты және банкоматтар желісін құрды, қазір біздің карталарды толықтыру үшін ол жерде кезек пайда болады. Дулат Сарышев эквайрингте сондай процестерді жасап жатыр, ол туралы нарық жақын арада жақсылап естиді деп сенемін.

Қайсар Иманғалиев пен Думан Қасымжанов филиалдар мен бөлімшелерді біздің цифрлық ипотека беретін жылдамдығымызбен ашуды үйренді. Тимур Ағдәулетов банктің өтімділігін зергерлік дәлдікпен басқарып отыр әрі жаңа корреспонденттік қарым-қатынастарды ашуға көмектеседі. Қанат Сыбанов пен Әсел Қайырғалиқызы Priority және VIP-банкинг бағытын дамытуда.

Біздің комплаенс басшымыз Әсел Сүлейменова командасымен бірге AI-compliance құрып, AI-агенттерді жасап жатыр. Рахиля Мирзалимова банкті медиа кеңістікте қалай дұрыс дамытуды және PR-ды қалай құруды әрдайым нақты біледі. Бақытжан Қарағойшин мен Ялкунчан Ғаниев — бизнестің локомотивтері. Қалауы мен мүмкіндігі болса, нарықтың кез келген үлесін тартып ала алады. Олег Смоляков халықаралық экспансияны құруға көмектесуде, ал Елнұр Сайлауқұл командасымен бірге жүйелі тәуекелдерді басқаруды жолға қойды.

Қаржы директорымыз Наталья Мельниковамен де жолымыз болды — оны көп жылдардан бері танимын, өте мықты кәсіби маман.

Бұл адамдардың ешқайсысы басқа планетадан немесе Amazon не Facebook сияқты әлемдік ірі корпорациялардан келген жоқ. Олар — әрқашан осында жұмыс істеп, бүкіл нарық үшін шынымен мықты кейс құра алған және соның ішінде біздің өзімізді де шабыттандырған кәсіби мамандар.

Бірдеңе жасап, құрағысы келетін адам үшін Freedom — әлеуетін толық жүзеге асыруға болатын құнарлы топырақ.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан