name
Сұхбат

ДНК секілді бейорганикалық өсім: Freedom Holding Corp. ауқымын кеңейтудегі M&A мәмілелерінің рөлі

Сергей Фомичёв

M&A басқармасының атқарушы директоры
19 мамыр 2026

Freedom Holding Corp. географиясы мен өнім желісін қарқынды түрде кеңейтіп жатыр, бұл ретте дайын бизнестерді сатып алу шешуші рөл атқарады. Freedom Holding Corp. M&A басқармасының атқарушы директоры Сергей Фомичёв «Курсивке» берген сұхбатында жұтылатын компанияларды қалай іріктейтіні, неліктен жұмыс істеп тұрған банкті сатып алу жаңасын ашқаннан арзанға түсетіні және миллиондаған долларлық мәмілелерде «жұмсақ дағдылар» не үшін қажет екені туралы айтып берді.

Question icon

Бүгінгі таңда холдингтің жалпы стратегиясында M&A қандай рөл атқарады?

M&A шешуші рөл атқарады. Бірінші кезекте біз жай ғана компанияларды емес, қалыптасқан командаларды сатып аламыз. Біз үшін қажетті құзыреті мен жолға қойылған бизнес-процестері бар адамдар маңызды. Бұл көп уақытты үнемдеп, холдингке органикалық өсімге қарағанда әлдеқайда жылдам дамуға мүмкіндік береді.

Question icon

Соңғы жылдары мәміле жасау тәсілдері қалай өзгерді?

M&A командасының пайда болуымен процесс құрылымдалған сипатқа ие болды. Әрбір мәміле бойынша шешім қабылдау және дайындық барысында кезеңділік пайда болды: егер жоба қажетті критерийлерге сәйкес келсе, команданың ішкі талдауы мен тиісті функциялық талқыдан кейін транзакция комитетінің қарауына шығарылады.

Question icon

Ықтимал нысанды іріктеу кезінде қандай критерийлерді қолданасыздар?

Критерийлер екі бөлікке бөлінеді. Біріншісі — инвестициялық метрикалар, оған салыстырмалы және табысты болжау әдістері (DCF қаржылық модельдері) мен бағаның сәйкестігін тексеру үшін шығынды болжау және ликвидациялық құн әдістері жатады. Екіншісі — даму стратегиясына сәйкестік (strategic fit). Біз компанияның Freedom экожүйесіне қалай кірігетінін, қандай синергия әкелетінін бағалаймыз.

Question icon

Айтыңызшы, қандай салалардан үлкен әлеует көресіз?

Лицензияланатын қызмет түрлерінде біздің экспансиямыз үшін перспективалы елдердегі банктер мен брокерлер бар. Сондай-ақ финтех саласынан үлкен әлеует көреміз. Бізді цифрландыру есебінен адамдардың өмірін жеделдететін, жеңілдететін ноу-хаулар қызықтырады. Бұл холдингтің ДНК-сында бар дүние.

Question icon

Мәмілелердің ауқымды пайплайнын қалай басқарасыздар?

Нысаналы компанияның холдинг үшін стратегиялық маңыздылығы басты орында тұрады. Екіншісі — мәміленің жабылу ықтималдығы. M&A процесі күрделі биге ұқсайды. Келіссөздер жылдарға созылып, үзіліп, қайта басталуы мүмкін. Жалпы нарықтағы мәмілелердің шамамен 60%-ы сатушының тым жоғары күтуінен немесе сатып алушының агрессивті тәбетінен сәтсіз аяқталады. Тағы 20%-ы реттеушілердің, соның ішінде монополияға қарсы органның мақұлдауынан өтпей қалады.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Орташа есеппен мәмілелердің қаншасы аяғына дейін жетеді?

Классикалық инвестициялық банкте менде мәмілелердің 5–8%-ы ғана жабылатын. Freedom-да ықтималдық айтарлықтай жоғары, бұл сатудан гөрі активтерді сатып алуға (buy-side) басымдық беретінімізге байланысты. Ағымдағы бизнесімізбен стратегиялық синергияны көріп отырған ондаған жобаның жартысына жуығын сәтті жабамыз деп жоспарлап отырмыз.

Question icon

Сіздерде M&A процесі қалай құрылған?

Процесс көп сатылы. Барлығы стратегиядан басталады. Біз Қазақстанның бірегей цифрлық өнімдерін таратуға болатын перспективалы аймақтарды іздейміз. Оңтүстік-Шығыс Азия (атап айтқанда, Индонезия), Еуропа және Африка нарықтарын қарастырдық. Біз әлі кірмеген жаңа елдерде мәміле әрқашан ұзақ жүреді. Заңгерлермен бірге жергілікті реттеуші базаны зерделеуге, командаларды операциялық интеграциялауға уақыт қажет болады.

Question icon

NASDAQ-тағы листинг осы жағдайда көмектесе ме?

Сөзсіз көмектеседі. Листинг «визит карточкасы» іспетті көптеген сұрақтарды бірден шешеді. Сонымен қатар, бізге әлемдік үздік аудиторлар мен заңгерлер қолдау көрсетеді. Бұл көптеген кезеңдерден жылдамырақ өтуге мүмкіндік береді.

Question icon

Басымдықты қайсысына көбірек бересіздер, ішкі нарыққа ма, әлде сыртқы нарыққа ма?

Қатаң басымдық жоқ. Ішкі нарықтағы мәмілелер Freedom-ның қазіргі портфелін күшейтеді (қазіргі уақытта логистика, e-commerce және B2C цифрлық өнімдеріне фокус қойып отырмыз). Ал сыртқы нарықтарда әңгіме Қазақстанда сынақтан өткен өнімдерді экспорттау туралы болып отыр. Тәжікстанда Freedom Bank филиалын ашқанда солай болды, қазір Грузияда да осындай процесс жүріп жатыр.

Question icon

Яғни, сіздер банкті сатып аласыздар да, соның негізінде қазақстандық Super App-ты іске қосасыздар ма?

Дәл солай. Елдің заңнамасы мен реттеуші талаптарының күрделілігіне қарай біз банкті немесе брокерді сатып аламыз, болмаса лицензияны нөлден бастап аламыз.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Сонда дайын банкті сатып алу лицензияны нөлден алғаннан оңай ма?

Иә. Лицензия алу, жергілікті команда жинау, процестерді құру өте көп уақыт пен қаражатты қажет етеді. Тәжірибе көрсеткендей, жұмыс істеп тұрған бизнесті сатып алу жылдамырақ әрі арзанырақ түседі. Біздің міндетіміз — ол жерге Freedom өнімдері мен мәдениетін енгізу.

Question icon

Due diligence (жан-жақты тексеру) кезеңдерінің қайсысы ең маңызды?

Процедура қаржылық, салық, заңдық тексерісті, тәуелсіз бағалауды қамтиды. Күрделі заңдық, салық тұрғысындағы тәуекелдердің жоқтығына және алынған активтерге меншік құқығының бар екеніне көз жеткізу маңызды. Қаржылық тексеру кезінде біз бизнестің толық бейнесін қалыптастыру үшін операциялық және қаржылық метрикаларды егжей-тегжейлі зерттейміз. Мұның бәрі мәмілеге дейін сатып алынатын бизнестің ерекшеліктеріне терең бойлау, барлық «жасырын мәселелерді» анықтау және ықтимал айыппұлдар мен жасырын міндеттемелерден аулақ болу үшін жасалады.

Question icon

Сыртқы кеңесшілерді қаншалықты белсенді тартасыздар?

Біз әрдайым беделі жоғары кеңесшілерді, көбіне «Үлкен төрттік» компанияларын тартамыз. Тексеру процесі 4 аптадан 6 аптаға дейін созылады. Оған жаңа компанияны ары қарай дамытатын ішкі бизнес-лидерлеріміз де белсенді қатысады.

Question icon

Соңғы кезеңде мәміледен бас тартқан кездеріңіз болды ма?

Иә болды. Егер компанияның тәуекелдері мен міндеттемелері синергияны ескерген күннің өзінде оның бағасынан асып кетсе, біз жобадан бас тартамыз. Я болмаса холдинг мамандары дәл сондай өнімді нөлден бастап тезірек, арзанырақ және жасырын міндеттемелерсіз жасай алатынын түсінген жағдайда бас тартуымыз мүмкін.

Question icon

Компанияның құнын қалай бағалайсыздар?

Барлық тәсілдерді қолданамыз. Компанияны қаржылық және операциялық көрсеткіштері бойынша жария аналогтармен салыстырамыз. Болашақ синергияларды ескере отырып, табысты болжау тәсілін (DCF модельдері) қолданамыз. Егер компания банкрот алдында тұрса, шығынды болжау әдісін пайдаланамыз, аналогты нөлден құру құнын немесе активтердің ликвидациялық құнын бағалаймыз.

Фото Валерия Карабан
Команда управления M&A Freedom Holding Corp.
Фото Валерия Карабан Команда управления M&A Freedom Holding Corp.
Question icon

Келіссөздер кезінде баға өзгеруі мүмкін бе?

Үнемі өзгеріп тұрады. Мысалы, компания ірі келісімшартқа отырса, болжамдар өзгереді. Бірақ біз әрқашан талқыланатын баға диапазонын белгілеп аламыз. Егер алшақтық он есе болса, диалогты жалғастырудың мәні жоқ. Дәйекті келіссөздер барысында бағаның бір-екі рет өзгеруіне жол беріледі, өйткені M&A процесі әрдайым ауқымды ішкі және сыртқы ресурстарды қажет етеді.

Question icon

Мәміле сәтті болғанын 1–3 жыл өткен соң бағалайсыздар ма?

Иә, бағалаймыз. Директорлар кеңесі сатып алуды мақұлдаған кезде, негізгі қаржылық және операциялық көрсеткіштерді қатаң бекітеміз. Жоспардың орындалуын ай сайын қадағалап отырамыз. Көбінесе бизнестің бұрынғы иелері біздің менеджерлеріміз атанып, олардың мотивациясы тікелей осы KPI көрсеткіштеріне байланысты болады.

Question icon

Сіздердің M&A командаңыз қалай құрылған?

Команда үш деңгейден тұрады. Мен және орынбасарым стратегияға жетекшілік етеміз, жоғары деңгейдегі стейкхолдерлермен байланыс орнатамыз. Екінші деңгей — менеджерлер. Олар — инвестбанкинг, тікелей инвестиция қорлары мен бизнесті бағалау саласында үлкен тәжірибесі бар мамандар. Олар мәмілені басынан аяғына дейін жүргізіп, барлық қатысушы тараптардың жұмысын үйлестіреді. Үшінші деңгей — инвестициялық талдауға, есептеулерге, модельдерге және презентациялық материалдарды дайындауға жауапты талдаушылар.

Басты құзыреттілікке мәселенің егжей-тегжейіне назар аудару, жылдам шешім қабылдай білу және жаңа жобаларға терең бойлай білу дағдылары жатады. Бірақ ең маңыздысы — «софт-скиллдер». Білімі керемет, техникалық дағдылары жоғары болғанымен адам келіссөз жүргізе алмаса, оның еңбегін нөлге теңеуге болады.

Question icon

Қазіргі уақытта M&A нарығында қандай трендтерді байқап отырсыз?

Қазақстанда белсенді шоғырлану жүріп жатыр. Технологиялық компаниялар басқа ойыншыларды сатып алуда. Банктер жай ғана есеп айырысу орны болудан қалып барады. Қаржы институттары клиент ондаған қызметті лезде және қосымша тіркеусіз ала алатын экожүйелер құрып жатыр.

Question icon

Банктер әлі де перспективалы бағыт болып қала бере ме?

Оған күмәнім жоқ. Банкке клиент тарту қымбатқа түседі, ал экожүйе өнімдері арқылы бұл табиғи түрде жүзеге асады. Дәстүрлі банктер өткеннің еншісінде қалып, орындарын цифрлық банктерге беруде. Жаңа нарықтарға шыққанда, біз әрқашан банкті немесе брокерді экожүйенің өзегі ретінде қарастырамыз.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан
Question icon

Геосаясат сіздердің стратегияларыңызға қалай әсер етеді?

Әсері өте үлкен. Бірінші кезектегі басымдық — өз өңіріміз. Орталық Азия және Кавказ маңы. Біз бұл жердегі менталитет пен ойын ережелерін жақсы түсінеміз. Соңғы бір жылда Түркияда банк сатып алу бойынша келіссөздерде алға жылжыдық, сондай-ақ Абу-Дабидегі ADGM арнайы аймағында брокерлік лицензия алдық. Еуропа нарығы біз үшін консерватизмі мен қатаң реттеуші талаптарына байланысты сәл күрделірек. Қазір біз еуропалық клиенттерге Кипрдегі кеңсе арқылы 10 негізгі еуропалық елде қызмет көрсетеміз, бірақ толыққанды банктік және брокерлік лицензия алу мүмкіндігін зерттеп жатырмыз.

Question icon

Тағы қай аймақтың әлеуетін жоғары бағалайсыз?

Оңтүстік-Шығыс Азия. Индонезия, Вьетнам және Таиланд нарығынан үлкен әлеует көріп отырмыз. Ол жақта транзакциялық бизнеске сұраныс жоғары. Тек Индонезияның өзінде 220 миллион адамның мобильді интернетке қолжетімділігі бар, бұл цифрлық банктік қызметтерді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Егер біз жергілікті мәдениетке бейімделе алсақ, цифрлық өнімдеріміз ол жақта өте бәсекеге қабілетті болуы мүмкін.

Question icon

Карьераңыздағы ең күрделі мәміле қайсы болды?

Freedom-ға дейін басқа компанияда жұмыс істеп жүргенде жүргізген еуропалық ірі мыс өндіруші компанияны сатып алу процесіне қатысу бойынша трансшекаралық мәмілені атар едім. Процесс бір жарым жылға созылды, біз бір жарым шақырым тереңдіктегі шахталарға дейін түстік. Сатушылардың бірі күрделі көп сатылы процедуралары бар шет мемлекет болды. Команданың барлық күш-жігеріне және ұсынылған жоғары бағаға қарамастан, соңғы сәтте біз екінші орында қалдық. Бұдан түйген басты сабақ — M&A саласында бизнесті бағалау мен құзыреттілік қана емес, макросаяси процестер де шешуші рөл атқарады.

Question icon

Карьераңыздағы ең сәтті шешім деп нені есептейсіз?

Freedom-ға ауысуым. Оған дейін мен 10 жылға жуық банктегі қосылу мен жұтылу (M&A) саласында жұмыс істедім. Freedom-да мен командамды нөлден жинай алдым. Біз жай ғана мәмілелерді жауып қоймаймыз, сонымен қатар холдинг ішіндегі компаниялардың тағдырына жауап береміз. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді, бірақ сонымен бірге кәсіби құлшынысты арттыра түседі.

Question icon

Осындай жоғары жүктеме кезінде қалай демаласыз?

Бұрын ат спортымен айналысатынмын. Алматыға көшкеннен кейін хайкингке ауыстым. Кеңсе шуынан демалу үшін таудың интернет ұстамайтын, жетуі қиын жерлеріне шыққанды ұнатамын. Қалпына келуге уақыт аз, бірақ үнемі жаңа нәрсені үйрену әдеті шығармашылыққа немесе саяхатқа ұласады.

Фото Валерия Карабан
Фото Валерия Карабан