Тағы бір банк лицензиясынан айырылды
«Capital Bank Kazakhstan» АҚ банктік және өзге де операциялар атқару, сондай-ақ, бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Қаржы нарығын реттеуші органның хабарлауынша, банкті лецензиясынан айыруға:
– банктік пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзуы;
– қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамауы;
– банктің ірі акционері уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамауы себеп болған.
Сонымен қатар, бұл қаржы ұйымы төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызылған.
Лицензиясын алған кездегі банк активтерінің мөлшері 38,5 млрд теңгені, несие портфелі – 33,9 млрд теңгені құраса, соның ішінде 30,4 млрд теңге немесе Банктің несие портфелінің 89,8%-ы –
төлемі 90 күнге кешіктірілген, жұмыс істемейтін кредиттер. Банктің өтімді активтері 149 млн теңгені құрайды, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлем көлемі 15,0 млрд теңгеден асады.
Пруденциялық нормативтерді орындамауына байланысты Агенттік Банкке қатысты 29 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, 67 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған.
«2020 жылы Банк акционері Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды. Көрсетілген Жоспарды орындау шеңберінде Агенттіктің қатаң бақылауымен Банк 2020 және 2021 жылдары Банктің депозиторлар алдындағы 31 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті. Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі де өтелді. Алайда, Банк және оның акционері қабылдаған шаралар Банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастыруда және Банк клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерін орындамайды» делінген ҚНРДА таратқан хабарламада.
Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99%-ның депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-тың кепілдігімен толық көлемде өтеледі.