2019 жылы қос азаматтық алған 500 қазақстандық анықталды
2019 жылы қос азаматтығы бар 500 адам анықталды, деді Мәжілістің жалпы отырысында ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев.
«Расында, қос азаматтық алу фактісі көп кездеседі. 500-ге тарта азамат өзге елдің азаматтығын алғанына қарамастан, Қазақстанның паспорты мен құжатын пайдаланған. Бұл фактілер анықтала салысымен, олар жауапкершілікке тартылып, басым бөлігі елден шығарылды»,– деді Қожаев.
Оның айтуынша, қазақстандықтар немесе өзге елдің азаматтары мұндай қадамға шекарадан өткен кезде түрлі құжаттарды пайдалану үшін әдейі барады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың өзге елдегі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді алуы үшін құжаттарды сақтаған жағдайлар да тіркелген.
Бұл ретте, вице-министр оларды қос азаматтық алуға қатысты Қазақстан мен басқа елдердің әкімшілік заңнамасында белгіленген қатаң жауапкершілік те тоқтатпайтынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 10-бабы, 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, қос азаматтыққа тыйым салынған. Өзге елдің азаматтығын алған жағдайда, 30 жұмыс күні ішінде паспорт немесе жеке куәлігін ҚР ІІМ мекемелеріне немесе Сырқы істер министрлігі өкілдігіне тапсыруы қажет.
Қос азаматтық анықталған жағдайда, Қазақстанның құқық қорғау орындары ҚР азаматтығынан айырылғанын тіркейді. Егер ҚР азаматтығынан айырылған соң да құжаттарды пайдаланып жүрсе, оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Вице-министр келтірген деректер бойынша, 2019 жылы 15,5 мыңнан аса азамат, негізінен, Ресей мен Өзбекстанға көшуіне байланысты, ҚР құжатын өткізген.
Ал Ресей ІІМ мәліметі бойынша, 2019 жылы 50 мыңнан аса экс-қазақстандық Ресей паспортын алған. Бұл қатарда азаматтығын қалпына келтіргендер де бар.