Кедейлікпен күрес мемлекет үшін де, бизнес үшін де қажет
2020 жылдың қорытындысы бойынша, бізде кедейлікке ұшырау деңгейі артып келе жатқаны байқалатыны анықталды. Өткен жылдың төртінші тоқсан нәтижесіне сәйкес, төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыс табатындар саны 12 пайызға өсіпті. Бұл күні кеше байқалған тенденция емес. Жыл өткен сайын көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Осы ретте Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Экономика институты» РМҚК директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әзімхан Сатыбалдинмен сұхбаттасып, кедейлік мәселесін кеңінен қарастырдық.
– Қазіргі таңда кедейлікпен күрес қай елде болсын маңызды мәселеге айналды. Оның себебі неде?
– Адамның өмір сүру сапасына оның жұмысына, біліміне, тамақпен қамтамасыз етілуіне, денсаулығына риза болуы сынды факторлар әсер етеді. Осы көрсеткішкер адамның қоғамда емін-еркін өмір сүруіне мүмкіндік береді. Сәйкесінше, хал-ахуалын да көрсетеді. Кедейлік туралы айтқан кезде тек азық-түлік, киімнің болмауы не баспана мәселесі ғана есепке алынбайды. Сонымен бірге минимал деңгейде білім, медициналық қызмет, өзі қалаған затты алуға жағдайының жетуін де айту керек. Бұл мәсленің гуманистік жағы да бар. Соның ішінде халық пен биліктің ара-қатынасындағы моральдік-этикалық аспектілерге әсер етеді. Өйткені халықтың кедей бөлігі көтеріліске жиі шығатынын тарихтан білеміз. Әр мемлекеттің осының алдын алып, осы кедей топты тұтынушы азаматтар қатарына қосқысы келетін себебі сонда. Бұл болса, бір жағынан бизнес үшін де тиімді. Осылайша кедейлікпен күрестің мемлекет үшін де, кәсіп үшін де осындай пайдалы тұсы бар.
– Пандемия жылында халықтың әл-ауқаты төмендей түскенін статистикадан көріп отырмыз. Қазақстанның аймақтарындағы ахуалға тоқталсаңыз. Қай облыста жағдай қиындай түсті?
– Әрине, пандемия басталғаннан бастап қазіргі дейін жүздеген мың қазақстандық қаражатқа қатысты мәселемен бетпе-бет келді. Мемлекет бөлген 42 500 теңге жеткіліксіз болып қалды. Көпбалалы аналардың да, табысынан айырылғандардың да наразылығына куә болдық. Елдегі кедейлік деңгейінің көрсеткіші — «ең төменгі күнкөріс» мөлшері. Статистика бойынша, аймақтар бойынша Нұр-Сұлтанда кедей тұрғын саны аз (1,1%), ал ең көбі — Түркістан облысында (10,8%). Ел бойынша кедей халықтың орташа деңгейі 4 пайызды құрайды. Жалпы алғанда барлық аймақты шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады: кедейлік деңгейі 1-3 пайыз аралығында. Бұл топта 7 облыс бар. Яғни республикалық маңызы бар үш қала, үш индустриалдық облыс — Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Алматы облысы кіреді. Екінші топтағы кедейлік деңгейі 3-5 пайыз. Мұнда да жеті облыс бар. Соның ішінде ауылшаруашылығы жақсы дамыған Қостанай және Ақмола облыстары кіреді. Үшіншісі — кедейліктің жоғары деңгейі тіркелген облыстар. Олардың қатарында Түркістан, ШҚО және СҚО бар. Осы үш облыста кедейліктің шыңы байқалады. Сонымен қатар, 2017 жылдан бері осы облыстарда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс табатын халық саны артып келе жатқанын байқап отырмыз.
– Халықты әлеуметтік қорғау мақсатында биыл 3,9 трлн теңге бөлінеді деді. Аз сома емес. Соған қарамастан әлжуаз топтар көбеймесе, азаймай отыр. Себебі неде?
– Жалпы алғанда әлеуметтік қорғау саласы қай мемлекеттің болсын бюджетіне біраз салмақ салады. Халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге тырысқанымен, бізде кедейлік мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, республиканың 40 пайызы тұратын ауылдарда өршіп тұр. Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуы қаладағы кедейлік деңгейін көтереді. Негізі көпбалалы, ауылда тұратын отбасылар көбіне кедей тұрады. Мұндай тәуекел өзге де әлеуметтік топтарда бар. Атап айтқанда, толық емес отбасы, зейнеткерлер мен мүгедектер. Баланың жағдайы ересектерге тікелей байланысты екені белгілі. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табатын халықтың 97 пайызы немесе 778 мыңы көпбалалы отбасы екен. Оның ішінде толық емес және тұрмысы нашарлар да бар. Отбасында ересектер аз болса, ақша табу қабілетінің де сәйкесінше төмендейтіні белгілі. Яғни осындай жанұяда өсіп жатқан балалар жұпыны өмір сүріп, тиісті білім ала алмауы мүмкін. Соңғы кездері әйелдер кедейлігі тенденциясы белең алып келе жатыр. Елімізде әйел саны көбірек екенін білеміз. Әрі олардың көбіне әлеуметтік, экономикалық теңсіздік объектілеріне айналатыны рас. Оған қалыптасқан таптаурындар мен әйел рөлінің төмендеуі себеп. Қай мемлекетте болсын кедей топ бар. Ол болса, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік деңгейін анықтайды. Кедейлік деңгейін азайтып, табысты теңестіру бойынша жұмыс жүргізу мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының тиімділігінің көрсеткіші ретінде жүреді. Әлбетте, бұл ретте барлығына ортақ бір шешім табу қиын. Мұндайда аштықпен, табыстың тең бөлу, кедейлікпен күреске бағытталған бағдарламалардың маңызы зор.
– Экономистер төменгі күнкөріс деңгейінің дұрыс есептелмейтіні туралы жиі айтады. Қайта қарау керек дегенге келісесіз бе?
– Әріптестердің бұл пікіріне келісемін. Өйткені қазақстандықтардың қажеттілігін өтей алмай отыр, әрі қайта қаралуы керек. Биылғы 12 наурызда ҚР Үкіметі мен республикалық жұмыс берушілер мен жұмысшылар бірлест арасында 2021-2023 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды. Жақында ғана қолға алынса да, ең төменгі жалақы мөлшерін қайта белгілеу, төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тәсіліне өзгеріс енгізуге қатысты қадамдар жасалып жатқанын көруге болады. Бірақ бұл шаралар да жеткіліксіз деп ойлаймыз. Себебі қазір ахуал пандемияға байланысты туындаған экономикалық салдарларға байланысты одан сайын ушығып жатыр. Пандемия жарияланған сәттен бастап қазіргі күнге дейін Қазақстанда COVID-19 инфекциясымен күрес шараларына көп қаражат бөлініп жатқаны белгілі. Оған қосымша тұрмысы төмен топтарды азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек және т.б заттармен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды.
– Сөйте тұра, бюджет қаржысын жымқыру фактілері де шығып жатыр. Кей жерлерде азық-түлік бағасын қолдан өсіргенді де көрдік.
– Расында, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатында бірқатар мәселеге ерекше мән беру керек. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық реформалардың әрмен қарай тереңдеткен жөн. Соның ішінде төменгі күнкөріс деңгейін, төменгі жалақы, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақыны көтеруді қамтығаны дұрыс. Бәріне бірдей сапалы білім алуға мүмкіндік берілуге тиіс. Себебі халық жағдайының жақсаруына, адами дамуға бірден-бір әсер ететін фактор — осы. Жұмыспен қамту мәселесі де маңызды. Әсіресе, әйелдер мен жастар арасындағы жұмыссыздыққа ден қойылғаны жөн. Мүліктік дифференциацияны қысқартып, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуында теңсіздікті болдырмауға тырысу қажет. Әлеуметтік қамсызданыру саласын дамытудың да маңызы зор. Әлеуметтік қызметтің сапасы да осының ішінде. Атап айтқанда, білім, медицина, әлеуметтік қамтамасыз ету, қызмет көрсету, тұрғын-үй коммуналдық қызмет, көлік, байланыс қолжетімді болуға тиіс. Әлбетте, осы салалардағы жемқорлықты азайту маңызды екені белгілі. Салауатты өмір салтын насихаттау керек. Сонымен қатар, жеңілдік беру механизміне қатысты шаралар қабылдау қажет.