Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатын болды

Жарияланды
Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдау жасады

Елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатын болды. Абай облысы Семей аймағында құрылса, Жезқазған облысының аумағы Ұлытау болып бөлініп, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Алматы облысы екіге бөлініп, орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу деген облыс құрылады. Бұл туралы Қ.Тоқаев өз жолдауында айтты.

«Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған» деді Президент.

Мемлекет басшысы орталықта Жезқазған облысы құрылатынын айтты.

«Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» деді Қ. Тоқаев.

Ал Алматы облысы екіге бөлінуі мүмкін. Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласы таңдалмақ.

«Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады» деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз