Импортты алмастыру деген не? Ол қалай жүзеге асады?
Қазақстанда Импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ведомство импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндіктеріне талдау жүргізді. Былтыр импорт көлемі 38,3 млрд долларды құраған.
Импортқа тәуелділік деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесі зерделенген. Өңірлердің әкімдіктерімен жұмыс жүргізгеннен кейін импортты алмастыруға, дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кіріпті, оның 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар.
Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орнын құрумен, инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болатын 633 жоба тиесілі. Биыл 165 жоба іске қосылады, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады.
Биылғы жылдың негізгі жобалары:
- Атырау облысында пропилен өндіру зауытының құрылысы;
- Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіру зауыты;
- Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасы;
- Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыты.
Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы 9,1 млрд доллар көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі 17,2 млрд долларды құрайды.
- Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында 2-орынға шығу;
- Болат импортын 75 пайызға қысқарту;
- Мақта өңдеуді 100 пайызға дейін арттыру;
- Еден жабындары мен геосинтетика импортын 25 пайызға алмастыру жоспарланып отыр.
Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бизнесті қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру және дайын өнімді өткізуді ынталандыру көзделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ербол Қарашөкеев 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80 пайыздан астамды құрайтынын хабарлады.
Бұл ретте 2025 жылдың соңына дейін
- 24 ет комбинатын іске қосу;
- 8,2 мың га алаңда бақ салу бойынша 22 жобаны жүзеге асыру;
- 20 сүт өңдеу зауытын іске қосу;
- 23 құс фабрикасын салу және кеңейту, жаңа қант зауытын салу жоспарда бар,
Баяндамашыларды тыңдаған премьер-министр қазіргі геосаяси жағдайды ескеретін болсақ, Қазақстан экономикасы үшін импорттық өнімдерді алмастырудың маңызы өте зор екенін атап өтті.
Мәселен, бүгінде мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланып отырған компаниялардың біздің елімізде шығатын тауарлар мен жұмыстарды, қызметтерді сатып алу үлесі 52 пайызды құраса, соның ішінде қазақстандық қамтудың нақты үлесі 40 пайыздан аспайды. 2021 жылы импорт шамамен 8 пайызға өскен.
Импорттың басым бөлігі – қосылған құны жоғары өнімдер болса, экспорттың дені – негізінен өңделмеген өнімдер.
«Қазақстанда бәсекеге қабілетті экономика құрамыз десек, біз осы бір үрдісті түбірімен өзгертуіміз керек. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында қазақстандық қамту үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Ең бастысы, бұл жаңа өндірістердің дамуына серпін беріп, 116 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды» деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын компаниялардың айналасында шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылып, олар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсер беретінін атап өтті.
Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, импорт алмастыру жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды уақытында жүргізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне СТ-KZ сертификаттарын алу тетігін қайта қарау, Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірге өндірістерді уақытында іске қосуды қамтамасыз ету үшін білікті кадрларды дайындау мәселесін пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, айтылған тәсілдерді ескере отырып, 16 мамырға дейін Импортты алмастыру жөніндегі бағдарламаның жобасын пысықтап, Үкіметке енгізу тапсырылды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 101,5 млрд долларды құраған. Оның 60,3 млрд доллары экспорттық түсім болса, 41,1 млрд доллар импортқа тиесілі.
Қазақстан негізінен Еуропа елдеріне көбірек экспорт жасаған. Бір жылда кәрі құрлыққа 25,2 млрд доллардың өнімі жеткізіліпті. Бұл – бүкіл экспорттың 41,8 пайызы. Ал еліміз өнімдерді көбіне ТМД елдерінен сатып алады. Бір жылда посткеңестік елдерден 20,4 млрд доллардың өнімін импорттаған. Бұл – бүкіл импорттың 49,6 пайызы.
Былтыр жыл соңындағы дерек бойынша Қазақстанның ең үздік 10 сауда серіктесі:
- Ресей (24,2 млрд доллар, 23,9 пайыз);
- Қытай (18,1 млрд доллар, 17,9 пайыз);
- Италия (9,6 млрд доллар, 9,5 пайыз);
- Нидерланды (4,6 млрд доллар, 4,5 пайыз);
- Түркия (4,1 млрд доллар, 4 пайыз);
- Өзбекстан (3,9 млрд доллар, 3,8 пайыз);
- Оңтүстік Корея (2,6 млрд доллар, 2,6 па йыз);
- Германия (2,2 млрд доллар, 2,2 пайыз);
- Үндістан (2 млрд доллар, 2 пайыз);
- Испания (1,8 млрд доллар, 1,8 пайыз).