Оңтүстік өңірлерде су тапшылығы сезіліп келеді. Үкімет бұл мәселені қалай шешеді?
Кейінгі жылдары елдің оңтүстік өңірлерінде су тапшылығы сезіліп келеді. Ауыл шаруалшылығына жұмсалатын судың тек 60 пайызы ғана егіс алқаптарына жетеді екен. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Ал сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну көлемі 56%-ға өсіп, ал су тапшылығы жылына 12 текше километрге дейін жетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Бүгін Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды, деп жазады primeminister.kz сайты.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сай, барлық су тоғанынан суармалы жердерді тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше километр су жұмсалады. Оның 11,3 текше километрі немесе 97%-ы оңтүстіктегі 4 облысқа тиесілі. Бұл – 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар, яғни ел бойынша барлық суармалы алаңның 80%-ын құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.
«Соңғы жылдары су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде білініп келеді. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтырғы қарашадан бастап алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары басталды» деді С.Брекешев.
Министрлік 2021-2022 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдердегі жұмыс жоспарын бекіткен.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі бастауын трансшекаралық өзендерден алатынын атап өтті. Өзен суларының тең жартысына жуығы бізге сырттан келеді.
Оған қоса, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60%-ы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет.
«Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарын және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды» деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы суармалы суды тиімді бөлу керектігіне назар аударды. Әкімдіктер суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды.
Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді:
- су дипломатиясы бойынша нақты позицияны әзірлеп, үкіметаралық комиссия аясында елдің мүддесін ескере отырып, оны ілгерілетуді қамтамасыз ету керек;
- суару тәсілдеріне қарай су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияларды саралау мәселесін пысықтау керек;
- суармалы жерлердің 1 гектарға емес, суаруға кеткен судың көлемі үшін ақы енгізу мәселесі пысықталуы тиіс. Бұл суды тиімді пайдалануға ықпал етеді.